Түркістан облысының полицейлері көші-қон заңын бұзған 1000-ға тарта азаматты анықтап, 79 шетелдікті елден аластатты. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденовтің тапсырмасына сәйкес, өңірге заңсыз келген және осында тұрып жатқан шетелдіктерді, оған қоса заңсыз көші-қон арналары мен оларды ұйымдастырушыларды анықтау мақсатында «Заңсыз келуші-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Түркістан облысының полицейлерімен аталған профилактикалық шараның 4-тәулігінде Қазақстан Республикасына келу, болу және кету Ережелерін бұзған 949 шетелдік пен ел азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 670-і шетелдік, 279-ы Қазақстан Республикасының азаматтары. Ал 79 шетелдік сот шешімдерімен ел аумағынан аластатылды.
Бұдан басқа 151 шетелдіктің Қазақстан Республикасы аумағында болу мерзімдері қысқартылса, 25 шетелдік қабылдап-тарату мекемесіне орналастырылды.
Ал өзге елдің азаматын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен -225, шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланған - 44 Қазақстан азаматы анықталып, ӘҚБтК-нің 518-бабы «Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы», 519-бабы «Шетелдік жұмыс күшін және еңбекші көшіп келушілерді Республиканың заңнамасын бұза отырып тарту» талаптарын бұзғандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар сарыағаштық полицейлермен ҚР ҚК-нің 392-бабымен 1 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері аталған іс-шарада тек құқықбұзушылықты анықтап қоймай, шетел азаматтары және жұмыс берушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтау бойынша ескертеді.