Мас халде көлік айдаған жүргізуші 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тәртіп сақшыларына елдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауда үлкен міндеттер жүктеледі. Олардың барлық жұмысы еліміздегі тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, қылмысқа қарсы күреске, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталады. Азаматтардың қауіпсіздігі барынша қамтамасыз етіліп, халықтың тыныштығы сақталуы үшін олар күндіз-түні жүйелі жұмыс жүргізеді.
Мәселен Мақтаарал ауданының полицейлері түнгі қауіпсіздікті сақтау мақсатында рейдтік шара жүргізді. Нәтижесінде полиция қызметкерлері Алғабас ауылына баратын тас жолдың бойында алдыңғы айнасы сынып, сызат пайда болған «Ауди» маркалы автокөлікті тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында, оның жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Полицейлер оның мас күйіне күмән келтіріп, оған медициналық сараптама тағайындады. Зерттеу қорытындысына сәйкес, жүргізушінің алкогольдік масаң күйде екені анықталды.
Тәртіп сақшылары аталған деректі ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеп, аудандық сотқа жолдады.
Мақтаарал аудандық сотының шешіміне сәйкес, жүргізуші кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.