Полиция қызметкерлері есірткі қылмысымен күресу мақсатында күнделікті жұмыс атқарады. Мәселен, Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында, жергілікті тұрғынның үйінде есірткі затына ұқсас өсімдікті сақтап жүргенін анықтады. Полицейлер күдіктінің үйін тінту кезінде пакетке оралған есірткі затына ұқсас кептірілген өсімдікті тәркілеп алды. Аталған өсімдікке сараптама тағайындалды. Оның қорытындысына сәйкес салмағы 80 грамға жуық «кептірілген марихуана» болып шықты. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекусорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеді. Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Егер сіз де, есірткіні заңсыз сақтау және өткізу жайттары туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияға хабарласыңыз.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі