Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, сағат 15:00 шамасында мал жайылымында жайылып жүрген 600-ден астам бас қойының ішінен 3-еуін қойын белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 150 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды.
Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ақпарат келіп түскен бойда тәртіп сақшылары мал ұрлығы қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде күдікті ретінде 4 жас жігіт анықталды.
Тексеру кезінде қылмысқа қатысы бар төрт жігіттің мал ұрлап кетіп бара жатқан сәтте жол апатына ұшырағаны белгілі болды. Олар қарсы бағытта келе жатқан «Мерседес» маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Жас жігіттер ауруханаға жеткізіліп, мамандардан алғашқы көмек көрсетілді. Қазіргі таңда оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Көлік автотұраққа қойылып, қойлар иесіне қайтарылды.
Облыс полицейлері тұрғындарға мал ұрлығының алдын алу үшін жайылымға малдарды қараусыз жібермеу керектігін ескертеді. Сонымен қатар үш жақты келісім шарт жасауға кеңес береді.