Шетелдіктер мал ұрлады

20.jpg

Түркістан облысында жайылымнан мал ұрлаған шетелдік екі азамат қамауға алынды. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаменті хабарлады.

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны шағымданды. Ер адамның айтуынша, Қазығұрт ауданына қарасты жайылымдық жерден оның әрқайсысының құны 70 000 теңге тұратын 27 бас қойын белгісіз біреулер жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 2 000 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды.

Хабар алған бойда тәртіп сақшылары жедел іске кірісті. Олар қылмысты ашуға бағытталған қажетті жұмыстардың барлығын жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, осы қылмысқа күдікті ретінде шетелдік екі ер адам анықталып, ұсталды. Олар Өзбекстан және Қырғызстан Республикасының азаматтары болып шықты. 

Белгілі болғандай, күдіктілер жәбірленушінің малшысымен таныс болып шықты. Яғни, күдіктілер көрші жайылымда малшы болып жұмыс жасаған. Олар кешкі уақытта жиналып, бірге ішімдік ішкен. Содан сезікті шетелдіктер жәбірленушінің малшысының ұйықтап қалған сәтін пайдаланып, жайылымнан қойларды «Нива» маркалы автокөлікке тиеп, алып кеткен. Ұрлаған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда сезіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Облысымыздың тәртіп сақшылары барлық тұрғындарға ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне жол бермеңіз.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер