Түркістан облысында есірткілік масаң халде көлік басқарған жүргізушіге қатысты сот шешімі шықты. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шардара АПБ-ның полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында, күнделікті рейдтік-профилактикалық іс-шараларын жүргізуде. Осындай кезекті шара барысында полиция қызметкерлері Шардара ауданы көшелерінің бірінде жол ережесін бұзып келе жатқан «Lexus 470» маркалы автокөлікті тоқтатады.
Оны тексеру барысында жүргізушінің сөздері анық болмай, іс-әрекеті күдік тудырған. Полицейлер осы жайтты нақтылау үшін, көлік жүргізушісіне медициналық сараптама тағайындап, куәландырудың қорытындысында оның есірткілік масаң күйі анықталған.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді. Осылайша жүргізушінің көлігі ақылы автотұраққа қойылды. Қазіргі таңда орын алған оқиғаға қатысты іс құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Шардара аудандық сотының шешімімен күдікті азамат ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру үкімі шықты.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпау қажет. Жүргізушілер үнемі жол қауіпсіздігі ережесін орындаса, тәртіпке бағынса, өз өмірі мен жолаушылардың өмірін сақтайтынын естен шығармағаны жөн.