Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның ұялы телефонына белгісіз біреу хабарласып, «жұмыспен қамту орталығында жұмыс жасаймын, сізге 360 000 теңге сыйақы береміз» - деп сеніміне кірген.
Алайда, оны алу үшін, сіз бізге ақша салуыңыз керек деп, өзінің абонеттік нөміріне 21 000 теңгеден аса ақша салдырып, хабарсыз кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Полицейлер қылмысқа қатысы бар күдіктіні анықтау үшін қажетті жұмыстарды жүзеге асырды. Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікті анықталды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны, әйел адам болып шықты.
Сезікті әйел алаяқтықпен алған ақшасын, бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтық қылмысының алдын алу үшін жеке деректер мен құпия сөздерді, банк есепшотын ашық көздер арқылы айтуға болмайтынын, ақша аударуға асықпай, сенімді адам екендігіне толық көз жеткізуге кеңес береді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі