Отырарлық полицейлер тұрғындардың шағымы бойынша жүргізушілерге ескерту жасады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындар шағымданды. Олардың айтуынша, Шәуілдір ауылынан Түркістан қаласы арасында үлкен жол салынуда. Осыған байланысты жол тастарын тасымалдап жатқан ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жылдамдықпен жүретінін айтып, тексеру жұмыстарын жүргізуді сұраған. Келіп түскен шағым бойынша тәртіп сақшылары жедел іске кірісті. Полицейлер арнайы іс-шара ұйымдастырып, тексеру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде көлікті мас халде басқарған Хоба маркалы жүк көлігінің 2 жүргізушісі анықталды. Аталған көлік жүргізушілеріне полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша әкімшілік хаттама түзіп, сотқа жолдады.
Соттың шешіміне байланысты көлік жүргізушілері 15 күн әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жол салып жатқан фирмалардың басшылары мен жүргізушілерге жылдамдықты асырмау керектігі жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.