Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейд жүргізу барысында, түнгі сағат 01:00 шамасында жүрісі күдік тудырған «Ауди 80» маркалы автокөліктің жүргізушісін тоқтатты.
Көлік жүргізушісімен тілдесу кезінде сақшылар оның мас болуы мүмкін екеніне күмәнданып, сараптамадан өткізді. Сараптама қорытындысы жүргізуші ер азаматтың алкогольді масаң күйде екендігін анықтады.
Автокөлік бірден айыптұраққа қойылып, жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігі «Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сақшылар одан әрі қарай анықтау кезінде ер азаматтың бұған дейін соттың үкімімен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғанын білді.
Яғни, жүргізуші бұған дейін құқық бұзып, көлік жүргізу құқығынан айырылса да, одан қорытынды шығармаған. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне жол жүру ережелерін қатаң сақтау және мас күйде рульге отырмау қажеттігін ескертеді.