Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында қолға алынған жүйелі жұмыстар нәтижесінде Түркістан облысында Кентау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізудің кезекті жайтын анықтады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспаөз қызметі хабарлады.
Түнгі уақытта Кентау қаласындағы көшелердің бірінде «Huyndai» маркалы автокөлік полицейлерге күмән тудырды. Оны тоқтату барысында автокөлік жүргізушісі полицейлерге қарсылық көрсетіп жаяу жүргінші жолымен қаша жөнеледі. Нәтижесінде қырағы полицейлер көлік иесін көп қабатты үйлердің арасынан қысып тоқтатады. Тексеру кезінде тәртіп сақшылары "Huyndai" жүргізушісі көлікті мас күйінде басқаруы мүмкін деген тұжырымға келді.
Оған медициналық сараптама тағайындалды. Нәтижесінде жүргізушінің алкагольдік ішімдік қолданғаны белгілі болды. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеп, іс құжаттар жинақталып, заңды шешім шығару үшін сотқа жолдады.