Тұрғындар, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Жетісай ауданының әкімі Мұрат Кадырбектың қолдауымен Жетісай ауданында бірқатар ілкімді істер атқарылуда. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Солардың бірі – Ынтымақ ауылдық округі Өркенді елді мекенінде 2021 жылдың тамыз айында басталған заманауи стадионның құрылыс жұмыстары.
Аудан басшысы Мұрат Болатұлы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Мұса Абибуллаев пен Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мұхтар Бейсенбаев нысан басына барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.
Өткен жылы жұмысты бастаған мердігер «Kazakh The-Stroy» ЖШС 2022 жылы да жұмысты кестеге сай сапалы жүргізіп келеді. Талапқа сай салынып отырған стадионда жүгіру жолы, көрермендерге арналған 500 орындық, жаттықтырушылар мен төрешілерге, медбикелерге арналған жеке кабинеттер, командаларға арналған киім ауыстыру мен жуыну бөлмелері, тіпті, салтанатты шараларды өткізуге арналған трибуна да қарастырылған.
Мердігер мекеме басшыларымен жүздескен аудан басшысы құрылыстың сапасына мән беріп, бекітілген кестеден кешікпей нысанды ел игілігіне тапсыру керектігін айтты.
«Мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуы, құрылыс сапасының талапқа сай болуы басты назарда. Сондықтан, әрбір іске жауапкершілікпен қарағандарыңыз дұрыс» деді Мұрат Болатұлы.
Айта кетейік, бүгінде ауданда бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде 60 мыңға жуық жетісайлық спортпен тұрақты түрде шұғылданушылардың қатарында. Бұл аудан тұрғындарының 34,5 пайызын құрайды.