Қазығұрт ауданында өнеркәсіп өнім өндірісінің көлемі биыл 9 айда 9 964,9 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 609,4 (105,0%) млн теңгеге артық орындалып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазығұрт ауданының әкімі А.Абдуллаев мәлімдеді.
– Қазығұрт ауданында өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 8 478,1 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1005,6 млн теңгеге артық орындалды. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция 18 974,1 млн теңге болды. Сондай-ақ, бөлшек сауда айналымының көлемі 6 566,7 млн теңгені құрап отыр, - деді Арман Айдарұлы.
Спикердің сөзінше, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 11 416 бірлікті құраған. Сондай-ақ, биылға жоспарланған 49 шағын жобаның 43-і іске қосылған. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 49 385,8 млн теңгеге орындалған.
Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары қызметтерінің жалпы көлемі 5 447,8 млн теңге болды. Биыл 21 428 шаршы метр тұрғын үй ауданы пайдалануға берілді. Жыл қорытындысымен бұл көрсеткішті 28 000 шаршы метрге жеткізу жоспарлануда. Тұрғын үй кезегі мәселесін шешу мақсатында Қазығұрт елдімекенінен 2 қабатты 10 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Одан өзге, аудандағы 61 елдімекеннің 56-ы (96,5%) орталықтандырылған ауыз сумен және 49-ы (80,3%) табиғи газ жүйесімен қамтылса, 98,4%-ы орталықтандырылған электр желісіне қосылды. Ал 3 елдімекен тұрғындары бұлақ көзі суын пайдаланады. Жалпы ауданда 61 елдімекеннің 49-ы табиғи газ жүйесімен қамтылып, 80,3 пайызды көрсетіп отыр.
Сонымен қатар өзекті мәселелердің бірі болып отырған «Ақбура» бұлақ көзіне қосымша ауыз су қоймасын салу құрылыс жұмыстары биыл басталған. Оның құрылысы 2023 жылы аяқталып, пайдалануға берілмек. Жоба іске асқанда Қазығұрт ауданынан 7 елдімекен, Төлеби ауданынан 3 елдімекен 24 сағат ауызсумен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ 2021 жылы Ызабұлақ, Шанақ бекеті елдімекендерінде ауызсу жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, қазіргі таңда жұмыстар аяқталып, елдімекенге ауыз су берілді. Жалпы ауданда тұрғындар көтерген мәселелер оң шешімін тауып келеді.
Айта кетейік, биыл 102,9 шақырымды құрайтын 27 аудандық маңызы бар және ішкі жолдарға орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Алматы – Ташкент – Термез» тас жолынан 2021-2022 жылы Қазығұрт, Сарапхана елдімекендерінен 3 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынып, пайдалануға берілді. Ал оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында демеуші есебінен Кезеңбұлақ мектебіне баратын жаяу жүргіншілер өткелі салынды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі