Түркітанушылар Түркістанда бас қосты

30.jpg

 Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық түркітанушылар конгресі өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды оқыды. Мемлекет Басшысының құттықтауында «Ұлт ұстазы атанған Ахаң түбі бір, тарихы тамырлас елдер үшін аса құнды ғылыми-танымдық мұра қалдырды. Сол себепті оны барша түркі жұрты құрмет тұтады. Әзірбайжан, башқұрт, өзбек түрік халықтарының белгілі ғалымдары бас қосқан бүгінгі конгресс соның айқын дәлелі», – делінген.

Конгресте ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Рамос Габриеланың Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған құттықтау сөзі бейнежазба арқылы берілді. Сонымен бірге ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билял Чакыджы құттықтау сөзін оқыды.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында атқарылған маңызды іс-шаралар жөнінде баяндама жасады.

Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей ғалымдары қатысып, мазмұнды баяндамалар жасап, тұлғаның болмысын ашты. 

Конгресс аясында Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық жинағының, Ахмет Байтұрсынұлының таңдамалы шығармаларының 4 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, түрік) әзірленген кітабының, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» 3 томдығының, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықовтың «Серт», «Ұстаз жолы» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Жиында Қазақстан, Түркия, Өзбекстан ғалымдары ТҮРКСОЙ-дың «Ахмет Байтұрсынұлы» медалімен және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» ведомстволық төсбелгісімен марапатталды.

Пленарлық отырыс секция отырыстарымен жалғасты.

«Ахмет Байтұрсынұлы және түркі тілдерінің теориясы мен тарихы» секциясына Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы жетекшілік етті. «Ахмет Байтұрсынұлы және сөз өнері» секциясына «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы басшылық жасады. Ал «Ахмет Байтұрсынұлы және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар» секциясына Қазақстан Республикасы Білім академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов жетекшілік етіп, маңызды баяндамалар жасалды. 

Конгресс қорытындысы бойынша қарар қабылданды.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер