Сайрам ауданыныңн әкімі Ұласбек Сәдібеков Қарабұлақ ауылдық округінің орталығын ретке келтіру мәселесін қарап, нақты тапсырмаларды берді. Бұл туралы Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл жиынға аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Б.Зиятаев, учаскелік полиция қызметкері, аудан әкімінің орынбасарлары М.Оразалиев және Б.Хасанов, әкім кеңесшісі Р.Есполай, аудан әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімшесінің басшысы М.Нұрлыбаев, тиісті дербес бөлім басшылары және Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі К.Абдилахатов қатысты.
Алдымен ауылдық округінің әкімі орталықты абаттандыру, көріктендіру-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын баяндады.
Өз кезегінде Бауыржан Батырбекұлы және ауылдағы учаскелік полиция қызметкері ауылдың орталығында көлік кептелісін жою, қоғамдық тәртіпті орнату, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтік шаралардың тұрақты жүргізіліп, хаттамалар толтырылып, шаралар қабылданып отырғанын айтты. Ауыл аумағында сергек және бақылау камералары іске қосылғанын тілге тиек етті.
Бұл жауаппен келіспеген аудан әкімі бірнеше кемшілікті атай келе, жергілікті полиция басқармасының жұмысын сынға алды.
- Ауылдық округінде бүгінгі күнге дейін көлік кептелісі, жолдың тыйым салынған бөлігінде тоқтап тұру, жол белгілері мен бағдаршамға жолаушылар тарапынан назар аударылмайтыны, заңсыз тасымал, заңсыз автотұрақ секілді заң бұзушылықтар орын алуда. Тұрғындар тарапынан шағымдар түсуде. Ал, жол бойларын тәртіпке келтіру құқық қорғау органының құзырындағы мәселе. Сол себептен, қоғамның қауіпсіздігін сақтау барысында жол қозғалысына бақылау жасаңыздар. Келесі аптадан бастап нәтижесі бар жұмысты жүргізіңіздер. Бір айдан кейін бұл тақырыпқа қайта оралатын боламыз. Егерде, кемшіліктер қайталанатын болса, облыстық полиция департаментіне ауданнан хат жолданылатынын алдын ала ескертемін.