Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектепке дейінгі ұйымның әдіскерлерімен бірге «Мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу» тақырыбында семинар практикум болып өтті.
Мақсат - ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білетін жеке тұлғаны қалыптастыру. Ұлттық мінез-құлықтың негізгі дағдыларына тәрбиелеу, адамгершілік ұғымдары мен дұрыс мінез-құлық қалыптастыруға ықпал ету.
Семинар аясында «Үлгілі», «Гулдер», «Әуметхан», «Әсел», балабақшасының әдіскерлері ұлттық құндылықтарды іс-әрекет барысында қолданып жатқан ойын түрлерімен бөлісті. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, ел болып, ұлт болып қалыптасуымыз үшін «Ұлттық тәрбие» балабақшалардан бастау алары сөзсіз.
Қай ел, қай қоғамда болсын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән берген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, келешек ұрпаққа оқу- білім және өнегелі тәрбие беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Патриоттық сезім жалпы адам баласының елін, жерін, өз тілі мен мәдениетін, тарихи ұлттық құндылықтарын қастерлейтін, батырларын үлгі тұтатын, елінің болашағына сеніммен қарап, өзіндік бағасын түйсінуін, қуаттап қолдауын пайымдайтын көрсеткіші болып табылады. Дана халқымызда «Ағаш түзу, әдемі болып өсу үшін оны көшет кезінде баптау керек, ал қисық ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. «Мәңгілік ел» идеясында өскелең ұрпақ тәрбиесіне баса мән берілген. Осы идеяны қалыптастыру үшін ең алдымен ұлағатты тәрбие мен сапалы білімнің қажеттілігі анық көрсетілген. Ұрпақ тәрбиесіндегі басты ұстаным-тәрбиелеудің ұлттық жолдарын саралап, айқындап бала бойына сіңіре білу. Яғни, бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, адамгершілікке тәрбиелеу.