Ауыз су –стратегиялық ресурс

2.jpg 

Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылындағы «ТП-32» су ұңғымасына қатысты мәселе соңғы уақытта қоғам назарын аударып отыр. Аталған нысан ұзақ жылдар бойы жекеменшік құрылымның пайдалануында болғанымен, оның құқықтық мәртебесі мен санитарлық талаптарға сәйкестігіне байланысты бірқатар сұрақтар туындады. Бұл мәселе аудан әкімдігінің қатысуымен өткен брифингте кеңінен талқыланып, жауапты мекеме басшылары қазіргі ахуалға қатысты ресми түсініктеме берді.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың мәліметінше, Дербісек ауылындағы «ТП-32» ұңғымасы бұған дейін «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгерімінде болған. Жеке кәсіпкерлік нысан бұл су көзін 27 жыл бойы пайдаланып келген. Алайда жалға алу мерзімі осы жылдың 25 сәуірінде аяқталған. Бұдан кейін су ресурсын пайдалану құқығын ұзарту мәселесі қаралғанымен, уәкілетті орган – Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы санитарлық қорғау аймағына қойылатын талаптардың толық сақталмауына байланысты рұқсат беру құжаттарын ұзартудан бас тартқан.

Аудан басшысы бұл жағдай елді мекен тұрғындарының ауыз суға қолжетімділігіне әсер етпейтінін ерекше атап өтті. Бүгінде Дербісек ауылында 18 мыңға жуық халық тұрады. Оның ішінде 3 мыңнан астам абонент орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетуді «Сарыағаш Тұрмыс» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Ауыз су гидранттық жүйе арқылы штаттық режимде беріліп отыр. Бұдан бөлек, резервтік қуат көзі ретінде «№2-ТП» ұңғымасы пайдаланылып, су тапшылығының алдын алу тетігі іске қосылған.

Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, егер «ТП-32» ұңғымасы мемлекет меншігіне қайтарылса, ауыл тұрғындарының суға қолжетімділігі бұрынғыдай сақталады. Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектісіне де қажетті көлемдегі су заң аясында, белгіленген тәртіппен беріледі. Облыс әкімдігі бұл мәселеде ешқандай тараптың құқығы шектелмейтінін, барлық шешім тек сот актілері мен уәкілетті органдардың ресми қорытындысына сүйене отырып қабылданатынын жеткізді.

Түркістан облыстық Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы Алмас Досжановтың айтуынша, қазіргі таңда аталған мәселе сот қарауында. Департамент тарапынан «Рауан» ЖШС-не берілген 0,15 гектар жер телімін жалға беру туралы шешімді жарамсыз деп тану жөнінде талап-арыз жолданған. Бұл іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Өз кезегінде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізген тексеру нәтижесінде «Рауан» ЖШС-на қарасты су ұңғымасының санитариялық қорғау аймағына қатысты жобалық құжаттаманың санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз пайдаланылғаны анықталған. Осы заңбұзушылық үшін сот шешімімен серіктестікке 98 300 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

Ал «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы жүргізген тексеру барысында тағы бірқатар заң бұзушылықтар белгілі болды. Атап айтқанда, ұңғымадан алынатын судың бекітілген лимиттен асып кеткені және су тарату жүйесіндегі екі құбырға есепке алу құрылғылары орнатылмағаны анықталған. Бұл – су ресурстарын бақылаусыз пайдалануға жол беретін елеулі кемшілік. Нәтижесінде әкімшілік іс қозғалып, кәсіпорынға 973 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі стратегиялық маңызы бар бұл су нысанын мемлекет қарамағына қайтару туралы ұсыныс айтып отыр. Өйткені ауыз су – жекелеген коммерциялық мүддеден биік тұратын қоғамдық ресурс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет су қауіпсіздігі мәселесін ұлттық деңгейдегі басымдық ретінде атап өткен болатын. Президент өз Жолдауларында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су көздерін цифрландыру, есепке алу жүйесін күшейту және аса маңызды гидротехникалық нысандарды мемлекет бақылауында ұстау қажеттігін нақты тапсырған.

Қазіргі таңда Түркістан облысында ауыз сумен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Соңғы жылдары өңірде ондаған жаңа су нысаны пайдалануға беріліп, тозығы жеткен инфрақұрылым жаңартылуда. Облыстың елді мекендерін сапалы ауыз сумен толық қамту мақсатында республикалық және жергілікті бюджет есебінен ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе шекаралық және шалғай ауылдардағы су тапшылығын жоюға ерекше көңіл бөлінуде.

Түркістан өңірі табиғи-климаттық ерекшелігіне байланысты су ресурстары тапшы аймақтардың қатарына жатады. Сондықтан мұнда әрбір су көзін тиімді пайдалану, оны заң аясында басқару және халық мүддесіне сай пайдалану аса маңызды. Су – тек шаруашылық қажеттілік емес, ол – стратегиялық ресурс, елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі.

Сондықтан Дербісектегі «ТП-32» ұңғымасына қатысты мәселенің заң аясында, ашық әрі әділ шешілуі – тек бір ауылдың ғана емес, тұтас өңірдегі су саясатының жүйелі жүзеге асуының көрінісі. Мемлекет үшін ең басты міндет – халықты сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету. Ал бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында алдағы уақытта да жалғаса бермек.

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Италия мен Түркістан бірлескен жобаларды жүзеге асырады
  • Мақта кластері—жаңа кірісі көзі, жаңа мүмкіндік
  • Түркістан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты
  • Түркістанда су үнемдеу жүйелерін өндіретін төрт ірі кәсіпорын жұмыс істейді
  • Ауыз су –стратегиялық ресурс
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер