Ордабасы: Мал сүйегін өңдейтін зауыт салынып жатыр

3.jpg 

Түркістан облысында өндіріс саласын әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары өңірде инвестициялық белсенділік артып, жаңа өндіріс орындарын ашуға басымдық берілуде. Нәтижесінде облыс еліміздегі инвесторлар үшін тартымды аймақтардың біріне айналып, өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңір ретінде қалыптасып келеді. Әсіресе шикізатты терең өңдеу, экспортқа бағытталған өнім шығару және жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту бағытындағы жобаларға ерекше көңіл бөлінуде.

Облыста жүзеге асырылып жатқан осындай маңызды бастамалардың бірі Ордабасы ауданында қолға алынған. Қытайлық Huating Biotechnology компаниясы Темірлан ауылында ірі қара мал сүйегін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысын жүргізіп жатыр. Жалпы инвестициялық құны 9 миллиард теңгені құрайтын жоба өңірдегі қайта өңдеу өнеркәсібінің жаңа бағыттарын дамытуға серпін бермек.

Қазіргі таңда зауыт салынатын 10 гектар аумақта негізгі құрылыс жұмыстары толық аяқталуға жақын. Өндірістік нысанға қажетті заманауи технологиялық құрал-жабдықтар жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорын бірнеше бағыт бойынша өнім өндіреді. Атап айтқанда, мал сүйегі мен қанын өңдеу арқылы медицина саласына қажетті пептон өндірілмек. Сонымен бірге авиациялық отын өндірісінде пайдаланылатын техникалық май және фарфор өндірісіне қажетті көмір шығару жоспарланып отыр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 5 мың тонна сүйекті өңдеуге мүмкіндік береді.

Жоба аясында қалдықсыз өндіріс технологиясына басымдық берілген. Кәсіпорын шикізатты толықтай өңдеу арқылы экологиялық жүктемені азайтып, өндірістік қалдық көлемін төмендетуді көздеп отыр. Сонымен қатар 2027 жылдан бастап мал қанын қайта өңдеу арқылы мал шаруашылығына арналған арнайы жем өнімдерін шығару жоспарланған. Бұл ауыл шаруашылығы саласындағы қосымша өндірістік тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпорын толық қуатында іске қосылған кезде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, логистика, шикізат жеткізу, сервистік қызмет көрсету секілді қосымша бағыттарда да жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу үлесін арттырып, өңір экономикасының экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Huating Biotechnology компаниясының басшылығы Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, облыс әкімдігі тарапынан көрсетілген қолдау жобаның жедел іске асуына оң әсер еткенін жеткізді.

Ордабасы ауданы соңғы жылдары облыстағы өндірісі қарқынды дамып келе жатқан аудандардың біріне айналды. Ауданда индустриялық аймақтарды дамытуға ерекше басымдық беріліп, жаңа кәсіпорындарды орналастыруға қажетті инженерлік инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылуда. Өнеркәсіптік алаңдарда құрылыс материалдарын шығару, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, металл бұйымдарын өндіру және жеңіл өнеркәсіп бағытындағы бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр.

Әсіресе Бадам индустриалды аймағында инвестициялық белсенділік айтарлықтай артқан. Мұнда жаңа өндіріс орындарын ашу, логистикалық инфрақұрылымды дамыту және өңдеу өнеркәсібін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда индустриалды аймақта құрылыс индустриясы, тамақ өндірісі, агроөнімдерді қайта өңдеу және химия саласына қатысты бірнеше кәсіпорын іске қосылу кезеңінде тұр. Кейбір жобалар өндірісті бастап үлгерсе, енді бірқатары құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде.

Бадам аумағындағы өндірістік жобалардың басым бөлігі ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және импорт көлемін қысқартуға бағытталған. Сонымен қатар кәсіпорындардың бірқатары экспортқа шығуға бейімделіп жатыр. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының нығаюына, бюджет кірісінің артуына және жаңа жұмыс орындарының көбеюіне оң әсерін тигізуде.

Ордабасы ауданында өнеркәсіппен қатар көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілген. Географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуы өндірістік кәсіпорындардың өнім тасымалдау мүмкіндігін кеңейтіп отыр. Осыған байланысты инвесторлар тарапынан ауданға қызығушылық артып келеді. Сарапшылар ауданның өндірістік әлеуеті алдағы жылдары одан әрі күшейетінін айтады.

Айта кету керек, Huating Biotechnology компаниясының жобасы облыста жүзеге асырылып жатқан импортты алмастыруға бағытталған маңызды өндірістердің бірі саналады. Мұндай кәсіпорындардың ашылуы сырттан келетін өнім көлемін азайтып, ішкі нарықтағы отандық өндірістің үлесін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар өңірде өндірілген өнімдердің шетел нарығына шығу мүмкіндігі кеңейіп, Түркістан облысының инвестициялық және өнеркәсіптік беделі нығая түсуде.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістанның өндірістік әлеуеті елордада таныстырылды
  • Ордабасы: Мал сүйегін өңдейтін зауыт салынып жатыр
  • Түркістан экономикада көш бастап тұр
  • Нұралхан Көшеров: Инвестиция тарту жұмыстарына басымдық беру керек
  • Түркістан: Отандық өнім өндірушілерді қолдау жалғасуда
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер