Түркістанның туристік әлеуетін арттыратын, туристердің қызығушылығын тудыратын нысандардың құрылысы қызу жүріп жатыр. Жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтарындағы құрылыс нысандарын аралады. Бұл құрылыстарды биыл толық аяқтау жоспарланған. Әкімшілік-іскерлік орталықта басқармалар үйі,Конгресс холл, цифрлық кеңсе, аттракциондар саябағы, жабық бассейні бар спорт кешені, 7000 орындық стадион, оқушылар сарайы, департаменттер сынды 8 нысан бар.
Ал рухани-мәдени орталықта Яссауи мұражайының, «Ұлы дала» орталығы, қолөнер шеберлері орталығын қайта жаңғырту, ғылыми-әмбебап кітапхана, драма театры, Тұңғыш Президенті саябағы, Арбаттың,яғни 7 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұдан өзге, «Керуен-сарайдың» құрылысы қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ Қ.А.Ясауи кесенесінің буферлік аумағындағы абаттандыру жұмыстары да биыл аяқталмақ.
Өмірзақ Шөкеев бастаған жұмысшы топ аталған құрылыс алаңдарын аралап, Ұлы Жібек жолы Ұлттық қолөнершілер орталығы мен келу орталығы ғимараттарының қайта жөнделу барысын тексерді. Бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын және жоғары сапалы қолөнер бұйымдарының технологиясын оқытатын ірі қолөнер орталығының құрылысы аяқталып, жаңа кешенге шеберлер жайғасуда. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан шаһарда ашылатын орталықта мамандар ұлттық нақыштағы дүниелерін көпшілік назарына ұсынбақ.
Аймақ басшысы Түркістан қаласына кіреберісте салынып жатқан әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған еңселі мешіттің құрылыс басында болды. Сәулеті ерекше Ислам орталығының шығыстық нақышта безендіріледі. 5 мың жамағатқа лайықтандырылған жаңа ғибадат орнының жалпы аумағы - 20 000 шаршы метр. Мешітте мұсылмандық жораларды жасайтын орындар, конгресс-холл, неке сарайы, 400 орындық медресе, кітапхана, асхана салынады.