Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалымен өткен селекторлық отырыста Қазақстан Республикасының 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2020 жылға арналған республикалық бюджеті, сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 31 наурыздағы тапсырмаларын іске асыру аясындағы дағдарысқа қарсы шаралардың қосымша топтамасы қаралды.
Өңірлердегі ахуал және жұмыспен қамтуды қолдау шаралары туралы баяндаған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, жаңа бастамалардың облыс үшін өте маңызды екенін айтты. Бұл дағдарыстық жағдайдың шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін халықтың едәуір бөлігіне әсер ететінін ескере отырып, аталған шаралар өз уақытысында қабылданып отырғандығын атап өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысында халық саны 2016,1 мың адам, оның 832 мың адамы экономикалық тұрғыдан белсенді (41,2%). Жалпы халықтың 779,8 мың адамы жұмыспен қамтылған. Мемлекет басшысының мәлімдемесіне сәйкес, өңірде әлеуметтік қолдау жұмыстары жүргізіледі.
«Алдымен, сыртқы нарықта қалыптасқан жағдайды ескере отырып, халықты жұмыспен қамту бойынша шаралар қабылданды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 70 мыңнан астам облыс тұрғындары жұмыспен қамтылады. Оған қоса, дағдарысқа қарсы шаралар ретінде республикалық бюджеттен бөлінген қосымша қаражатқа тағы 25 мың жұмыс орынға жол ашып, нәтижесінде 100 мыңға жуық жұмыссыз жүрген азаматтарға жұмыс көзін табуға мүмкіндік бар»,-деді Өмірзақ Естайұлы.