Түркістан өңірінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен түйе шаруашылығы кәсіпкерлігін дамыту туралы салалық іс-шара жоспары жүзеге асуда. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен түйе сатып алатын әрбір кәсіпкерге оның бағасын 1 млн мен 1 млн 300 мың теңге арасында бағалап, шектеусіз 6 пайызбен несие беріледі.
– Түйе күніне кемі үш литр сүт береді. 9 айдан сүтін саудалап 1,5 млн теңге табыс табады. «Golden Gamal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келістік, олар әр литрін мың теңге қабылдап алады. Бұдан бөлек, зауытқа өткізген жағдайда түйе сүтінің әр литріне 55 теңгеден субсидия береміз. Сонда шаруалар 8-9 айда түйенің өзіндік құнын толық өтеп, әрі қарайғы табысын өзінің пайдасына жұмсайтын болады. Бұл түйе бағамын деген шаруаларға жасалған үлкен мүмкіндік. Отырар, Ордабасы, Шардара, Созақ аудандары мен Арыс, Кентау қалаларының маңы осы түйе шаруашылығына бейімделген. Бүгінде қолда бар түйелердің 80 пайызы осы аудандардың үлесінде. Сондықтан біз осы іс-шараны бекіттіріп, бастап кеттік. Тиімділігін дәлелдеген бұл жоба жолын көрсетіп берсек біздің қатысуымызсыз-ақ дамиды. Бұдан үлкен үміт күтіп отырмыз. Алдағы жоспарымыз бойынша Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мамандарының басын қосып, үлкен семинар ұйымдастырмақпыз. Түйені сауғаннан бастап, қай жерден қаржы, қай жерден түйе алуға болатынын, сүтін зауытқа қалай өткізетініне дейін бәрін көрсетеміз. Солай шаруалардың сауатын тағы да жетілдіріп, қолдарына көмекші нұсқаулықтарды ұстатып береміз, – дейді басқарма басшысы.