Тұңғыш Президент–Елбасы Н.Назарбаев Х Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумында «Қазақстан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы ауданы 90 миллион гектар жерге ие бола отырып, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық орталығына айнала алады» деген болатын. Табиғаты қатал, адуынды Арыстанды-Қарабас желінің өтіндегі Бәйдібек ауданының тұрғындары еңбек ырғағын сақтай отырып, шалғай ауданның еңбекқор халқы осылай ұйымшылдықтың ерен үлгісін танытып келеді.
Ауданда мал басын көбейту төрт түлік бойынша да артығымен орындалып отыр. Атап айтқанда, жылқы – 116 пайызға, түйе – 107 пайызға, ірі қара – 102 пайызға, қой-ешкі 102 пайызға көбейген. Шаруалардың жемісті еңбегі нәтижесінде былтыр бәйдібектіктер 92692 тонна ет, 288739 тонна сүт өндірді. Сонымен қатар, жұмыртқа өндіру жоспары 103 пайызға асыра орындалды.
«Алтын асық» бағдарламасы бойынша ауданға 3310 тұсақ сатып алынуы тиіс еді. Меже толығымен игерілді. «Құлан» бағдарламасы бойынша 371-дің орнына 480 жылқы сатып алынды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 610 сиыр сатып алынуы керек болатын. Бұл көрсеткіш 5490 болып орындалды! Мұндай рекордтық көрсеткіш облыс аудандарының бірде біреуінде болған емес.
Былтыр ауданда 14 отбасылық сүт фермасы ашылуы керек еді. Қазір осынша сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, бір балық шаруашылығы іске қосылды.