Түркістан облысында науқастарды үйлерінде емдейтін мобильді топтар өте үлкен жұмыстарды атқаруда. Бір ғана Төлеби ауданына қарасты Леңгір қалалық емханасының өзі небәрі 10 күн ішінде 300-ден астам адам өміріне араша болды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Коронавирус инфекциясын жұқтырған 11 симптомсыз науқас пен пневмонияға шалдыққан 23 азаматты анықтап, дер кезінде медициналық көмек көрсеткен. Халі мүшкілдер бірден ауруханаға жеткізілуде. Ал, облыс бойынша қазір дәл осылай аптасына 24 сағат бойы 270 мобильді топ қызмет көрсетуде.
Бір дәрігер және 2 орта буын медициналық қызметкері жұмылдырылған топтар толығымен жеңіл автокөліктермен қамтамасыз етілген. Облыс әкімдігі тарапынан 161 көлік берілген.
Емханалар жанынан COVID-19 және пневмония белгілері бар науқастарда ауруларының асқынуларын алдын алуға, ауруханадан шыққан соң бақылауда ұстау үшін құрылған мобильді топтар созылмалы аурулары бар пациенттерге де үйде қызмет көрсетуде. Жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілімдері бойынша патронаж жүргізуде. Азаматтарда ЖРВИ/КВИ/тұмау/пневмония белгілері пайда болған жағдайда, толық медициналық тексеру жүргізеді. Қызметтің бұл түрі халық үшін тегін. Емханаларға ақыны «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» төлейді.
Есеп айырысу бойынша, мобильді бригаданың бір шығуы үшін тариф 5 400 теңгені құрайды.Мамандар жеке қорғаныс құралдарымен және басқа да қажетті көмек көрсету және сол жерде кеңес беру құралдарымен қамтамасыз етілген.