Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес көзге көрінбейтін жаумен арпалысып жүрген сарыағаштық медицина қызметкерлеріне де үстемақы тағайындалған. Қазіргі таңда ауданда 4 инфекционист дәрігер жұмыс істеуде. Оның екеуі емханада болса, екеуі стационарда екен. Аурухана басшылығы биыл тағы екі дәрігерді оқытуды жоспарлап отыр.
Науқастармен жұмыс істеу ақ халаттыларға оңайға соғып жатқан жоқ. Бас дәрігердің айтуынша індетті жұқтырғандарға психологиялық көмек көрсету аса маңызды.
– Провизорлық, карантиндік госпитальға бақылауға жатқызылғандарды аурухананың эпидемиолог, психолог мамандары бақылауларына алып, пациенттерді жігерлендіріп, көмек көрсетіп келеді. Біз де қол қуысырып отырмай ауданның белсенді кәсіпкерлерімен бірігіп, жас ана мен балаларға бір реттік қолданатын қобдишалар мен жеке гигиенаға қажетті заттарды үлестірдік. Азық-түлік, ет өнімдері мол мөлшерде әкелініп, көкөністер, жеміс-жидектер, тәтті өнімдері үздікіз беріп, күніне 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келеміз. Сонымен қатар ауданымызда көп реттік және бір реттік жеке қорғаныш киімі, бетперде, медициналық қолғап, тері антисептік, дезинфекциялық ерітінділері жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етілген. Ауру өршіген жағдайда толық дайынбыз, – дейді Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бақыт Мырзалиев.