Түркістан қаласындағы карантин шараларының сақталуы қатаң қадағалануда. Қала әкімі Рашид Абатұлының өкімімен құрылған 6 мобильді топ мүшелері бүгін қаладағы бес мөлтек аудан бойынша 87 нысанды аралады. Аралау барысында сауда орталықтары, мейрамханалар, қонақ үй, дәріханалар, супермаркеттерде карантин режимінің сақтық шаралары тексерілді.
Сонымен қатар, тұрғындардың маска режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтауы, нысан ішіндегі антисептик, термометрдің орналасуы сынды карантин талаптарының сақталуы насихатталды.
Айта кетейік, топ мүшелері құрамында учаскелік полиция инспекторлары, дербес бөлім мамандары, ақсақалдар алқасының өкілдері және мөлтек аудан төрағалары бар. Олар күнделікті екі ауысыммен нысандарды қадағалап, Індет таралуының алдын алу мақсатында шаралардың сақталуын тексеруде.
Жалпы алғанда Түркістан облысында коронвирус індетіне қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Облыс «Жасыл аймақта». Аталған ауруға қарсы вакцинациялау шаралары қызу жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде ауруды жеңудің бірден-бір тиімді тәсілі болып отыр. Облыста, сонымен бірге Түркістан қаласында екпе салатын пункттер жұмыс істеуде. Вакцинаны бірінші кезекте медиктер, мұғалімдер, полицейлер сияқты халықпен тығыз жұмыс істейтін азаматтар қабылдауда. Дегенмен мамандар карантин кезеңінде сақтық шараларын сақтаудың маңызды екендігін ескертуде.