Түркістан облысының полицейлері иісшіл иттің көмегімен шекарадан есірткі алып өтпек болған Өзбекстан азаматын ұстады. Шетелдіктен тәркіленген күмәнді зат марихуана екен.
Бүгінде өңірдегі шекара бекеттері облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Соның бірі – «Жібек Жолы» бақылау бекетінен Сарыағаш аудандық Полиция бөлімінің кезекшілігіне жедел ақпар түсті. Онда бекеттен Өзбекстан мемлекетіне қарай жаяулатып өтіп бара жатқан ер азаматтың күдік тудырғаны айтылады. Осылайша оқиға орнына тез арада жеткен полицейлер шекарашылардың «Имерек» атты итінің мазасызданып, әлгі күдікті тұлғаны айналшықтап кетпей қойғанын көреді.
Полицейлер ер азаматты тексеру барысында аяқ киімінің ішінен есірткіге ұқсас жасыл түсті затты алады. Алынған зат бірден сараптамаға жолданды. Нәтижесінде есірткі тектес зат 1,5 грамға жуық кептірілген марихуана болып шықты.
Бүгінде ұсталған азамат қамауда. Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейлері аталған жайтқа байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.