Қыстаудан жоғалған қос бүлдіршінді тапқан полицейлер марапатталды

56d4167f-ad76-49e4-8db9-57bac3873938.jpg

Бүгін Арыс аудандық полиция бөлімінде Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бейбіт күннің батырлары марапатталды. 

Нақтырақ айтар болсақ, осыдан бірнеше күн бұрын Түркістан облысы Арыс қаласынан 60 шақырым жердегі Қыстаудың тұрғынынан Арыс аудандық полиция бөліміне шұғыл хабарлама келіп түседі. Онда балалардың анасы небары 8 бен 5 жастағы бүлдіршіндерінің қыстаудағы үйден ойнап жүріп белгісіз бағытқа кетіп, қайта оралмағаны туралы айтылады. 

Аталған жайт АПБ-мен бірден тіркеуге алынып, іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері арнайы сол аумаққа барып, іздестіру ауқымын күшейтті. Қосымша күш ретінде әскерилер мен еріктілер де жұмылдырылды. Осылайша тәулік бойы тоқтаусыз жүргізілген жан-жақты іздестіру жұмыстарынан соң қос бүлдіршін Ақжігіт пен Нұржігіт Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен табылды. Яғни полиция майоры Марс Асанбаев пен полиция сержанты Айдос Тұрсынбай қора-жайдан 10 шақырым жердегі шұңқырды паналаған ағайындыларды аман-есен тапты. Олар күндізгі сағат 15:00 шамасында ойнап жүріп тұманның әсерінен адасып, үйлерін таба алмай қалған. 

Жан-жақта тірі жан жоқ айдалада адасқан бүлдіршіндер қатты суықта қазылған шұңқырға түсіп, көмекті күтіп отырған.  Тек таңғы уақытта ғана полицейлер оларды тауып, жылы киіндіріп, тамақтандырып, қажетті көмектерді көрсетті. Ата-анасымен дін аман қауышқан балалар бүгінде аудандық ауруханада. Жағдайлары бірқалыпты. 

«Полиция бөліміне түстен кейінгі уақытта қос бүлдіршін жоғалып кетті деп анасы хабарласты. Қыстауда орналасқан үйдің қаламен ара-қашықтығы және ауа райының қолайсыздығы ескеріліп, бірден бүкіл жеке құраммен іздестіруге көштік. Бар ойымыз оларды суықта тоңдырмай, жыртқыштарға жем қылмай тез арада табу. Өз баламызды іздегендей кірістік. Түні бойы аумақты тінтідік. Тұман бізге де кері әсерін тигізді. Алайда табанды түрде іздестіру жұмыстарының арқасында олар аман табылды. Құрметті ата-аналар балаларыңызды көзден таса етпеңіздер. Мұқият болыңыздар!»,- деді балаларды тапқан батыр полицей Марс Асанбаев. 

Өз кезегінде Арыс АПБ бастығы полиция полковнигі Нұрлан Исабеков балаларды тапқан батыр полицейлерді алғыс хатпен марапаттап, қызметтеріне сәттілік тіледі. Оған қоса балалардың ата-анасы да қос бүлдіршінді тапқан тәртіп сақшыларына риясыз алғыстарын жеткізді. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қызмет бабында қаза болғандардың жұбайларына құрмет көрсетілді
  • Бір күнде 4 ұрлыққа қатысты күдіктілер ұсталды
  • Түркістандық полицейлер республикалық сайыстан жүлдемен оралды
  • Түркістанға арнайы мамандар келді
  • Төлеби ауданындағы жер дауы Мұрат Қабденовтың бақылауында болады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер