Қазығұрт ауданының полицейлері қой ұрлап, сатқан бақташыны ұстады. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазығұрт аудандық Полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ол өз арызында мал жайылымға 500-ден астам қойын тексеруге барғанында, бір қойы мен қозысы жоқ болып шыққанын жеткізді.
Оқиға орнына жеткен полицейлер қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Куәгерлерден жауап алу барысында, бұл қылмысқа жәбірленушінің малын сеніп тапсырған бақташысының қатысы бары анықталды. Ол өз кінәсін толық мойындады.
Тергеу барысында бақташының қой мен қозыны Сарығаш ауданындағы танысына 35 мың теңгеге сатып жібергені белгілі болды. Тәртіп сақшылары айғақты зат ретінде ұрланған малдарды тәркілеп алды. Бақташы мен сатып алушы Қазығұрт аудандық Полиция бөліміне жеткізіліп, бүгінгі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы "міндеттеме". Аталған жайт ҚР ҚК-нің 189-бабы "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бойынша тіркеліп, СДТТБТ-не енгізілді.
Түркістан облысы полицейлері тұрғындарға өздеріңіздің мал-мүліктеріңізді жақын таныс емес азаматқа сеніп тапсырмауды ескертеді.