Түлкібас ауданының бірқатар мектептерінде ювеналдық полиция инспекторларымен оқушылар арасында жол қауіпсіздік ережелерін түсіндіру бойынша сабақтар өткізілді. Атап айтқанда Ғ.Мұратбаев пен Майлыкент атындағы мектептің 1-4 бастауыш сыныптарының оқушылары арасында жүргізілді. Яғни оқушыларға көшені кесіп өту үшін арнайы белгіленген жерлермен жүруді және бағдаршамның түстерін, қызметін толықтай түсіндірді. Сонымен қатар оқушыларды маңызды жол белгілерімен таныстырды. Жолда абай болудың, жолда жүру ережесін қатаң сақтаудың, жаяу жүргінші жолағының, тротуардың қаншалықты маңызды екендігін айтып ұғындырды. Түрлі суреттер арқылы оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын арттырып, белсенді қатысуларын қадағалады. Мұндай іс-шаралардың мақсаты балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жасөспірімдердің жолда жүру қауіпсіздігіне байланысты жолда жүру ережелерін түсіндіру.
Көп жағдайда жасөспірімдердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасында балалардың жолда алаңғасарлыққа салынып, ұялы телефон пайдаланып немесе музыканы бар дауысына шығарып, құлаққапты құлағына салып алып көліктердің дыбысына мән бермегендігінен орын алып жатады. Сондықтан да өз кезегінде облыс полицейлері ата-аналарға балаларына үнемі жолда жүру ережелерін барынша естеріне салып, мейлінше қадағалап отыру керектігін айтады.