Ордабасы АПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Онда жәбірленуші азаматтың жайылымда орналасқан қорасынан түнгі сағат 23:00 шамасында белгісіз азамат 1 бас қойын ұрлап кеткенін көрсеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 50 000 теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Осы оқиғаға байланысты Ордабасы АПБ КПБ-ның қызметкерлері қылмыс орын алған аумақта жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдікті ретінде 2 азаматтың жеке басы анықталды. Олар сол аймақта бақташы болып жұмыс жасайтын жергілікті тұрғындар болып шықты. Қазіргі таңда осы дерекке қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің бас шарасы қолхатта.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті екі азамат алдын ала өзара сөз байласқан. Осылайша екеуі жайылымдағы қораның есігін бұзу арқылы ішке еніп, шамалары келген бір бас қойды алып шыққан. Содан соң оны бірден мал сататын базарлардың біріне алып барып, 18 000 теңгеге сатып жіберген. Ал, ақшасын бас пайдаларының қажеттіліктеріне жұмсаған.
Өз кезегінде, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына қырағы болуға және өз мүлкін сақтау үшін қажетті шаралар қабылдауға кеңес береді. Мүмкіндігінше аулалар мен қора-жайларын сенімді құлыптармен және қоршаулармен нығайтқаны жөн. Малды таңбалап, ен салдыру керек. Сондай-ақ бақташы жалдау қажет. Егер, сіз, мал ұрлығының болмаса өзгенің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі