Сауран ауданында жағымды жаңалықтың куәсі болдық. Тарқатып айтар болсақ, «Сауран ауданының тарихи мәдени құндылықтары мен туристік әлеуеті және тілге қатысты кейбір мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараға аудан әкімі Ғ.Рысбеков, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Ж.Бекмұрзаев, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы Б.Бейсембаев, ауданның зиялы қауымы тағы да басқа қонақтар қатысты.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында түп-тамырымызға, ұлттық болмысымызға терең барлау жасалып, тарихымыздың күрмеулі тұстары кеңінен қамтылып жазылуы көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты. Н.Назарбаев бұл еңбегінде ұлы даланы, оны мекендеген халықтың арғы-бергі тарихын, салт-дәстүрі мен түрлі кезеңдердегі тұрмыс-тіршілігін, мәдени-рухани жауһарларын әсерлі баяндай отырып, Ұлы дала елінің ұлттық жетістіктерін айдай әлемге тағы да бір мәрте паш етті.
Біздің ата-бабаларымыз ежелден-ақ қоршаған ортамен етене өмір сүріп, ашық аспан астында талай мәдени мұралар қалдырған. Балбал тастарға адам, жартастарға үй жануарлары мен аң бейнелерін көркем етіп қашап жазып қалдырып отырған. Елімізде Аң стилі» өнерінің ежелден дамығаны еліміздің түкпір-түкпірінен табылып жатқан таңбалары тастарда айқын көрініс тауып, мәңгілікке бедерленіп қалғанын да жоққа шығара алмаймыз.
Жалпы күнделікті өмірде күйбең тіршілікпен көп нәрсеге мән бере бермейміз. Әсіресе ауылда тұрса да айналасындағы жер-су атауларына көңіл бөлмейтін азаматтарымыз да жоқ емес. Дегенмен Сауран ауданының тарихы қамтылған жинақ аудан үшін маңызы зор.
Аталмыш жинаққа үстіміздегі жылдың сәуір айының 14-ші жұлдызында ұйымдастырылған «Сауран ауданының тарихи мәдени құндылықтары мен туристік әлеуеті және тілге қатысты кейбір мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциядағы еңбектері енгізілді.
Бұл кітапқа конференциядағы баяндамалар мен ғылыми мақалалар Сауран ауданының тарихы мен мәдени мұраларына, ішкі туризмді дамыту жолдарына, сонымен қатар тілге қатысты кейбір мәселелер мен ономастика саласы бағытындағы материалдар қамтылып, жинақталған.
Жинақ тарихшыларға, өлкетанушыларға, тіл, филология, шығыстану, мәдениеттану, туризм, музей және мәдениет саласының мамандары мен студенттеріне сондай-ақ, көпшілік қауымға арналып отыр.