Бүгін әлеуметтік желілерде Түркістан облысы, Ордабасы ауданының әкімі Р.Қайыпжанов парамен ұсталды деген ақпарат тарады. Және бұл ақпарат іле-шала Қазақпарат агенттігінде жарияланды. Мұнда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық бюросы тергеу департаменті басшысының орынбасары Асхат Жұмағали:
– Мұндай факті бар, яғни күдік бойынша аталған шенеунікті ұстадық. Осы жағдайға байланысты басқа мәліметтерді жариялай алмаймыз. Сотқа дейінгі тергеуге қатысты барлық ақпаратты тек прокурордың рұқсатымен мәлімдейміз. Осы орайда тергеу мүддесіне сәйкес, жариялауға құқығымыз жоқ, - деп аудан әкімінің ұсталуына байланысты пікір білдірген. Бұл пікірден білгеніміздей, Р.Қайыпжанов – тек күдікті есебінде. Яғни, ол расында пара алды ма, әлде бұл жерде бір түсінбестік орын алды ма, әзірге ештеңе белгісіз. Күдікті – жазықты яки жазықсыз да болуы мүмкін. Сондықтан да, пара алды деген күдікпен ұсталған азаматты қылмыскер деп қаралай кеткен жөн емес. Тағы бір айта кетерлігі, осы уақытқа дейін Ордабасы ауданынан ешқандай шу шыққан жоқ, дау-дамай орын алмады. Жергілікті тұрғындар тарапынан аудан әкіміне деген өкпе-реніш, шағымды көп естімедік. Осыдан-ақ, Р.Қайыпжановтың өте іскер, ширақ басшы екенін бағамдауға болады.
Бәрі уақыт еншісінде.