Павлодарда зейнетақыларды «сатқан» шенеуніктерге қатысты істің жай-жапсары белгілі болды. Атышулы іс туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мамандары айтты, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі.
Еске сала кетсек, Павлодар облысында аса ірі көлемінде мемлекет бюджетін жымқырған бір топ мемлекеттік қызметші бойынша қылмыстық іс тергелді Ұлттық бюро мамандары жалған анықтамалар арқылы зейнетақы тағайындалған 50 жалған тұлғаны әшкереледі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Павлодар облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ернар Байқоңырдың айтуынша, қылмыстық істің 11 қатысушысының жетеуіне қатысты іс тоқтатылды.
«Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың үш қызметкері мен Павлодар облысы бойынша көші-қон, еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің бір қызметкеріне қатысты іс сотты ңқаралуына жіберіледі. Орталықтың бір маманына қатысты істі тоқтату жөнінде процессуалдық шешім қабылданды. Қалған алты күдіктіге қатысты іс те тоқтатылды», - дейді Ернар Байқоңыр.
Жалпы, бюджет қаржысын жымқыру дерегі бойынша 66 тергеу эпизод бойынша жүргізілді. Әшкере болған 50 жалған зейнеткер бойынша іс айыптау актілері бойынша сотқа жіберілетін болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Павлодар облысы бойынша департаменті тергеу басқармасының басшысы Руслан Куватовтың айтуынша, заңсыз олжаның құны 2-3 млн теңге аралығында болған. Күдіктілердің басым бөлігі жасаған қылмыстарын толық мойындаған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бір топ маман 2005 жылдан бері лауазымдық қызметтерін пайдалана отырып, облыс тұрғындарына зейнетақы төлемдерін заңсыз ресімдеп келген. Бұл қызметтері үшін 300 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін сыйақы алған. Тұлғалар тобы азаматтарды іздеп, оларға әлеуметтік төлемдерді ресімдеген. Осылайша, мемлекетке шамамен 120 млн теңге көлемінде шығын келтірген.