Ел ішіне облыс әкімі мен қала әкімінің арасын қара мысық кесіп өтті деген әңгімелер аз айтылмады. Десе де, сейсенбі күні бұл әңгімеге нүкте қойылды. Бәлкім, жуан үтір ме...
Қысқасы, сол күні қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы ресми түрде жаңа облыс орталығына алғаш рет келді. Облыс әкімімен «арнайы құттықап кеп қалдық» деп арқа-жарқа болып құшақтасып, саулық сұрасты. Қос әкім арасындағы осындай бір бейресми жып-жылы қарым-қатынасты көріп сүйсініп қалдық. Түркістан қаласының даму концепсиясы жөніндегі бұрыштамалармен, макеттермен танысу барысында облыс әкімін алға жіберіп, өзі бір қадам кейін жүргенінің өзі неге тұрады?!.
Жалпы, Түймебаев сол күні жаңа облыс орталығының дамуына қатысты қызықты ұсыныстар білдірді. Оның айтуынша, қалада үйлер 5 қабаттан аспайтынын, көшелер тар болатынын айтты. Не себепті тар болады? Бұндай жағдайда қалада көлік кептелісі көбеймей ме?!. Міне, мәселе қайда жатыр. Егер көше неғұрлым кең болса, кептеліс те соғұрлым көп болады және күн шақырайып қала тұрғындары мен туристерге ыңғайсыздық тудыратын айтты.
– Көзіңізді қысып жүрмес үшін көшелер тар болу керек, - деді өңір басшысы. Әзіл-шыны аралас. Оның айтуынша, көшенің ені қысқа болса, ғимараттар бір-біріне көлеңке түсіріп тұрады. Дәл Еуропа елдеріндегідей. Нәтижесінде, асфальт буланбайды. Жүргізушлер азайып, жаяу жүргіншілер көбейеді. Осылайша кептеліс деген анау айтқандай мәселе тудырмайды.
Және облыс әкімі қалада тойханалар көп екенін айтты. Мысалы, бір Түркістанда 66 тойхана бар көрінеді. Сол тойханаларды қабылдау үйлеріне, жалпы кәдеге жарату керектігін айтты.
...Қош, меморандумға қол қою барысында мегаполис әкімі бұрынғы басшысы, қазіргі иық тірестіріп жүрер әріптесіне ешкім Шымкент пен Түркістанды, жалпы елді бөле алмайтынын айта келе:
– Егер сіздің тарапыңыздан нақты тапсырма болса, біз сіздерге ең бірінші болып үлкен ғимарат салып беруге әзірміз, - деп кішілік танытты. Әрине, айтылған сөз – атылған оқ. Эйфория һәм энтузиазиммен айтылды ма, ол маңызды емес, маңыздысы – айтылғаны. Ал, Әбдірахымов – уәде берумен және оны барынша орындауға тырысатынымен танымал әкім. Құдай қолдап жатса, жақында Түркістанда өз бауыры Шымкент қаласының атынан үлкен бір әсем ғимарат бой көтеріп қалуы ғажап емес.
Естеріңізде болса, бұған дейін Ғабидолла Әдірахымов арнайы жұмыс сапарымен келген үкімет басшысына шаһарды дамыту мәселелері жөнінде баяндама жасап, бірқатар жобаларды жүзеге асыру үшін үкіметтен қаржы сұраған болатын. Сонымен қатар Әбдірахымов бүгінгі таңда Түркістан өңірінің басшысы Жансейіт Түймебаевпен қарым-қатынасы жақсы екенін атап өткен еді.
- Біз Асқар Ұзақбайұылының (авт: үкімет басшысының орынбасары) басшылығымен және де бірқатар министрлермен облыс пен қала меншігіне қатысты сұрақтарды қарадық. Нәтижесінде Түркістан облының әкімімен екі жақты келісімге келдік. Қазір арамызда ешқандай сұрақтар жоқ, - деді Ғабидолла Әбдірахымов.
Мұны естіген Бақытжан Сағынтаев өз сөзін ағайындардың татулығы туралы мысалмен жалғастырды.
"Солай болу керек, ешқандай сұрақ болмау керек. Бір жерде тұрған ағайындар екіге бөлінгеннен кейін айтысып жүргені ұят болады", - дейді үкімет басшысы деген еді.
(Толығырақ Рейтинг газетінде)
Абылай Есімбай