Келешекте қаланың ең көрікті, жасыл желекті, көпшіліктің демалатын жеріне айналады деген «Шатқал» қазір шатаяқтап тұр десек қетелеспейтін сияқтымыз. Су ішпеген шыбықтар шіліңгір шілдеден шыға алмады. Әр-әр жерде серейіп-серейіп тұрған көшеттердің фотосы мен видеосын жұрт әлеуметтік желіге салып, дабыл көтеруге айналды.
Өткен аптаның соңында «Рейтинг» газетінің тілшілері осы тақырыпқа қатысты ел аузындағы әңгімелердің қайсысы шындық, қайсысы қауесет екендігін анықтау үшін Шымкентте «Шатқал» бағдарламасы аясында пайда болған, қаланың шығыс жақ бөлігінде орналасқан, қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығынан таяқ тастам жерде жатқан «Шымсая» саябағына арнайы барған еді.
«Шымсаяның» негізін 2017 жылдың қаңтарында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі қалаған. Мемлекеттік қызметкерлер сенбілікке шығып, көшет еккен, осындай игі бастаманы қолдап, жақсы тілек арнағандардың қатары көп болған. Кейіннен саябақтың аумағы темір тормен қоршалыпты. Біз «Шымсаяның» жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы жағына кірген болатынбыз. Алғашқыда көгеріп тұрған бір көшет таппай қор болдық. Түгелдей қуарып кеткен. «Шымсая» қаланың саялы мекеніне емес, көшеттердің моласына айналған ба дерсіз. Сайдың ішімен (Түймебаевтың тілімен айтқанда шатқалдың) біраз жер жүрген соң барып, алыстан шынжыр табанды трактор мен темір будка көрінді. Будка жер астынан су шығаратын ұңғыманың басына орнатылған екен. Осы жерден бастап көгерген көшеттерді көзіміз шала бастады. Себебі олар су ішкен. Анандайдан тіпті қылқан жапырақты аршаларды да көзіміз шалды... Қысқасы саябақтағы көшеттердің жартысына жуығы өлген, жартысы өнген.
Алайда саябаққа иелік ететін «Жасыл аймақ» кәсіпорнының учаске басшысы Қарқын Нарымбаев біздің бұл болжамамызбен келіскісі келмеді.
-Ары барса 10 пайызы өлген шығар,-деді басшы.
Басшы көшеттердің өнбей қалуын суарылмағандықтан емес, олардың дұрыс егілмеуімен байланыстырды.
-Көшеттер қыста егілген. Соның салдарына ба, әйтеуір тамыр алмады. Әйтпесе, қолдан келгенше суардық. Биылғы жаз өте ыстық болды. Соған қарамастан көшеттерге суды трактормен тасып жеткіздік, -деді басшы. Оның айтуынша, көшетті Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты «ЛТД Тұрмыс» мекемесінің қызметкерлері еккен. Саябақ аумағындағы ұңғыманы қазған, айналасын қоршаған да «ЛТД Тұрмыс». Ал «Жасыл аймақ» кәсіпорны облыстық әкімдікке қарасты болып шықты.
Мамандармен әңгімелесу барысында аңғарғанымыз, Шымкентте «Шатқал» бағдарламасы аясында пайда болған саябақтар көп. Олардың көпшілігі әртүрлі мекемелерге қарайды. Шымкент облыстан бөлініп шыққан соң олардың бәрі қалалық әкімдіктің балансына өтіп жатыр. «Шымсая» да алдағы бір-екі айдың көлемінде қалалық әкімдіктің қарамағына өтуі мүмкін көрінеді. Мамандардың айтуынша, саябақта бір жыл көлемінде көптеген жұмыстар атқарылған. Сайдың екі жанына булдозермен арнайы жол істелінген (терраса). Енді көшеттер осы террасаларға егіледі. Бұл ағаштарды суаруға да, келешекте демалушылардың жүруіне де ыңғайлы болмақ. Алайда осындай жақсы бастаманы Шымкент қалалық әкімдігі ары қарай жалғап алып кете ала ма? Өткен аптада Түймебаев пен Әбдірахымовтың Түркістанда бір үстелдің басында отырып, өзара әріптестік жасау туралы келісімге қол қойғаны, құшақтасқан түрде ашық-жарқын жүзбен суретке түскендері белгілі. Егер мұның бәрі елді алдау, көзбояушылық болмаса, Шымкенттегі «Шатқал» да осы әріптестіктің аясына кіре ме, жоқ па, мұны енді уақыттың еншісіне қалдырдық.
Дереккөз: Рейтинг газеті