Екі айдан бері елдің назары Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовте екені рас. Аты әлемге әйгілі Денис Теннің қазасынан соң бірінші болып нақ осы Қасымов сөйлеуі тиіс еді. Елдегі тәртіптің сақталуына, адам өмірінің қорғалуына бірден-бір жауапты шенеуніктің уәжін жұрт тыңдағысы-ақ келді. Министр жұмған аузын ашпады. Сарапшылар «Бас полицей отставкаға кетеді» деген жорамалды сенімді түрде айта бастады. Оның үстіне, Елбасы осыдан бір айдай бұрын Атырауда өткен кездесуде сыбайлас жемқорлықты жою және құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру мәселесін көтерген еді. «Грузияда полиция саласында реформа жүргізілді. Онда мемлекет барлық полиция қызметкерлерін жұмыстан шығарып, құқық қорғау органына заңгерлерді алды. Грузия осылайша полиция қызметін тәртіпке келтілді. Менде қазір осы туралы ойланып жүрмін. Мүмкін, Грузия секілді бізде де полиция қызметкерлерін жұмыстан шығарып, олардың орнына заңгерлерді алу керек шығар», – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.
Бірақ, Қасымовтың кететін түрі жоқ. Ол ол ма, полиция саласында реформа да жүргізілмейтін сияқты. Екі айға созылған үнсіздіктен соң тұңғыш рет брифинг өткізген бас полицейдің сөзін тыңдай келе осындай қорытынды жасадық. Қасымовқа қойылатын сұрақ көп қой, қайсыбірін айтайық. Денис Теннің өлімі, террорист Күлекбаевтың психикалық жағдайы, колониялардағы ахуал, полиция жүйесіндегі сыбайластық, министрдің сұранып тұрған отставкасы, тағысын тағылар. Дегенмен, жауапты саласындағы былықтар мен келеңсіздіктерге ұялып отырған министрді көрмедік. Оны айтасыз, Елбасының осыдан бір айдай бұрын «бәлкім, полиция саласына реформа қажет шығар» деген пікірін теріске шығарғандай болды. Себебі, министрдің сөзіне қарағанда, құқық қорғау органдарындағы реформа әлдеқашан жүргізіліп қойылған, дәл қазір пәлендей өзгеріс жасаудың қажеті шамалы екен. Соған қарағанда, полиция саласындағы реформаға қатысты мәселе әдеттегідей аз-кем кадрлық ауыс-түйіспен тынатын секілді.
Бүкіл ел «полиция саласына күрделі өзгерістер қажет» деп шулап жатқандағы Қасымовтың айтқан уәжі мынау болды: «сонау 90-шы жылдардың басында ішкі істер органдарының қарамағынан сараптама жүргізу жөніндегі құзыры әділет министрлігіне, статистика мен арнайы есепке алу ісі – бас прокуратураға, бертінде медициналық айықтырғыштар – денсаулық сақтау органдарына, кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтары – білім беру жүйесіне берілген. Көліктердің техникалық байқауын жекеменшік секторға тапсырдық. Өзіміздегі екі үлкен сала – жол және патрульдік полицияда күрделі реформа жүргізілді. Бұл бөлімшелер қоғамдық тәртіпті де, жол қауіпсіздігін де қамтамасыз ететін вертикаль бойынша ортақ қызметке біріктірілді. Бұған дейін әділет органдарының қарамағында болып келген қылмыстық-атқару жүйесі ІІМ-ге өтті. Бұл түзеу мекемелеріндегі криминогендік ахуалды тұрғақтандыру мен тәртіп орнату қажеттілігінен туындаған қадам болды. Сондай-ақ, бұрын әділет министрлігі атқарып келген халықты құжаттандыру мен тіркеу функциялары қайтарылды. 2014 жылғы мемлекеттік басқару жүйесін реформалау саясатының аясында жойылған Төтенше жағдайлар министрлігінің функциялары мен қызметтері де бізге тапсырылды. Үш жылдан бері жергілікті полиция қызметі жұмыс істеп келеді. Бұл өңірлердегі тәртіпті сақтау ісіндегі жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік берді. 2015 жылдан бастап жаңадан қабылданған Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық, Қылмыстық-атқару кодекстері жұмыс істеуде... Бір сөзбен айтқанда, ішкі істер органдарының жүйесі заманауи талаптарға сай болу үшін үздіксіз даму үстінде», деп сайрады Қасымов мырза. Яғни, «бізде барлығы тамаша» деген позициясынан тайынған жоқ. Сонда дейміз-ау, Елбасы қай реформаны меңзеді екен?
Қазіргі қызметінде 7,5 жылдан бері отырған Қасымов креслосынан айырылғысы жоқ. «Біз әскери адамбыз ғой, қайда бұйрық берілсе, сонда жұмыс істей береміз» деумен шектелді. Соған қарағанда, Қасымовтың отставкаға кетпей, қазіргі қызметінде қалуы да мүмкін.
"Рейтинг" газеті