«Қыз жібек» фильмінде Жібектің әкесі Сырлыбайдың Бекежан мен Төлегенге қарата «қаласаң бірің оң қолым, бірің сол қолым болыңдар» дейтіні бар еді. Сол айтпақшы, Әбдірахымовтың қалаулысы болған Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров пен Шымкент қаласының экс-әкімі, одан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Дархан Сатыбалдының сенатордың шекпенін киіп, жоғары палатаның партасында бірге отыруларына бес минут қана қалып тұрған сияқты.
Осы аптада Б. Имашевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы болды. Комиссия мүшелері Шымкент қаласынан Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындыларын қарады.
Сайлауға кандидаттарды ұсыну 11 тамыз-4 қыркүйек аралығындағы кезеңді қамтыды. Кандидаттарды тіркеу 14 қыркүйекте аяқталды. Шымкент қаласының аумақтық сайлау комиссиясының деректері бойынша барлығы 9 кандидат ұсынылған. Оның ішінде 2 адамды Шымкент қаласының мәслихаты, 7-еуі өзін-өзі ұсынған.
Қорытынды кезеңде 8 кандидат тіркелді. Тіркелген кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті 15 қыркүйекте басталып кетті, 4 қазанда аяқталады. Дауыс беру 5 қазанда өтетіні белгілі. Айта кетері, Сайлау Парламент Сенаты депутаттарының екі мандаты бойынша бір мезгілде өткізілмек. Жеңіске жеткен екі кандидаттың өкілеттік мерзімі 2014 және 2017 жылдары республиканың басқа өңірлерінен сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзіміне сәйкес келетін болады.
Шымкент қалалық сайлау комиссиясының таратқан мәліметіне бойынша Сенат сайлауында кандидаттың куәлігін алғандар мыналар:
-Алданов Серік Ысмайылұлы, 1983 жылы туылған, «Банк ЦентрКредит» АҚ Шымкент қалалық филиалының қызметін қолдау басқармасының бастығы;
-Бекназаров Нұрлан Құдиярұлы, 1964 жылы туылған, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы;
-Доронин Владимир Анатольевич, 1964 жылы туылған, уақытша жұмыссыз;
-Жылкелдиев Бижан Мергенбайұлы, 1984 жылы туылған, «Global A» ЖШС директоры;
-Қарабеков Ғани Әжединұлы, 1968 жылы туылған, «Манкент шипажайы» АҚ бас директорының орынбасары;
-Майқанов Ғалымжан Тастанұлы, 1969 жылы туылған, Түркістан облысының Ауғанстандағы соғыс ардагерлері одағының төрағасы;
-Сатыбалды Дархан Амангелдіұлы, 1974 жылы туылған, уақытша жұмыссыз;
-Үркімбаев Асқарбек Жүсіпұлы, 1953 жылы туылған, «Шымкент-сауда» ЖШС директоры.
Кандидаттардың құрамы әр алуан. Араларында кәсіпкер де, қоғамдық ұйымның басшысы де, тіпті жұмыссыз да бар. Сол жұмссыздың бірі Дархан Сатыбалды мен мәсхатшы Нұрлан Бекназаровтың сайлаудан көзді жұмып тұрып өтіп кететін сияқты. Неге десеңіз, бұл саяси доданың тағдырын Шымкент қалалық мәслихатының құрамындағы 29 депутат, дәлірегі таңдаушы шешеді. Ал мәслихат депутаттарының қазір биліктің «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» екендігі айтпаса да түсінікті ғой.
Дегенмен кім біледі...
"Рейтинг" газеті