Түркістанда «сайлаушысы жоқ депутаттар» ал Кентауда «депутаты жоқ сайлаушылар» пайда болды

Без имени-1.jpg

Шымкенттің өз алдына енші алуынан форс-мажорлық ахуал туындап Түркістан облыстық мәслихатында «сайлаушысы жоқ депутаттар» пайда болса, ал жаңа облыстың орталығы-- Түркістан  қалалық мәслихатында «депутаты жоқ сайлаушылар» тақырыбы күн тәртібіндегі «майшаммен қарайтын» мәселеге айналып тұр.

Облыстық мәслихатқа Шымкент қаласынан сайланған депутаттар тығырыққа тірелді. Себебі олар мәслихатқа Шымкент қаласынан сайланғандар, ал Шымкент Түркістан облысынан ірге ажыратып қойды. Қысқасы, депутаты Түркістанда, сайлаушысы Шымкентте. Осындай қисынсыздықтан кейін өздерін жайсыздау сезінген 14 депутаттың алтауы өз еріктерімен мандаттарынан бас тартты.  

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов сайлаушысының жоқ болуына байланысты жақында депутаттықтан кететінін айтқан еді. Айтылған сөз айдалада қалған жоқ. Жуырда Түркістанда өткен сессияда Нұрмахан Жолдасовтың  депутаттық өкілеттігі өз еркімен мерзімінен бұрын тоқтатылды. Шымкенттен сайланған депутаттың  жетеуі мәслихаттан кетті, жетеуі қалды.   Қалған жеті депутатты ешкім де желкелеп, мандатынан айыра алмайды. Қалған жетеу артында сүйенер сайлаушысы болмаса да мерзімдері біткенше депутаттық өкілеттігін жалғастыра беруге ниетті.

Ал енді  Кентауда да осыған ұқсас жағдай болып жатыр. Ұқсас, бірақ мүлдем керағар жағдай. Шымкентте депутат бар, бірақ сайлаушы жоқ, ал Кентауда  сайлаушы бар депутат жоқ.

-Президенттің Жарлығымен жаңадан Түркістан облысы құрылып, облыстың орталығы Түркістан болып бекітіліп жатқан кезде Түркістан қаласына қарасты ауылдар Кентау қаласына берілді. Содан бергі аралықта 2-3 ай уақыт өтті. 12 ауылдық округтің жері халқымен бірге Кентауға өттік. Алайда халық өткенімен осы жерден сайланған депутаттар өтпей отыр. Олар сол баяғыша әлі Түркістан қалалық мәслихатының құрамында. Біздің жағдайымызда сайлаушының құқығы бұзылып отыр. Өйткені дәл қазіргі уақытта біздің мүддемізді Кентау қалалық мәслихатында білдіретін ешқандай өкіліміз жоқ. Ал өзіміз сайлаған депутаттар Түркістан қалалық мәслихатында. Біз Кентау қаласындамыз.  Бұл мәселе қашан реттеледі,-дейді Ескі Иқан ауылының бір топ тұрғындары.  

2-3 айдың жүзі өтсе де Түркістан қалалық мәслихатындағы депутаттардың Кентау қалалық мәслихатына өтпегені түсініксіздеу болып тұр. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы заң бойынша  әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс қайта ұйымдастырылған (бiрiккен, қосылған, қайта құрылған, бөлiп шығарылған немесе бөлiнген) жағдайда жаңадан сайланған мәслихат сессиясының жұмысы басталғанға дейiн мәслихат депутаттары өз өкiлеттiгiн сақтайды және құрамына өз сайлаушыларының басым бөлiгi кiрген, қайта ұйымдастырылған мәслихаттардың депутаттары болып табылады. Яғни, заңға салсақ, сайлаушылары Кентау қаласына өтіп кеткен депутаттар Кентау қалалық мәслихатына ауысып кетуі тиіс еді. Бұл талап неге орындалмаған?

-Түркістан қалалық мәслихатында қазіргі уақытта 18 депутат бар. Соның 8-і ауылдық округтен, 10-ы қаладан сайланғандар. Қазіргі уақытта облыстық сайлау комиссиясының арнайы қаулысын күтіп отырмыз. Қаулы шыққан соң 8 депутат Кентау қалалық мәслихатына ауысатын болады,-деген Түркістан қалалық мәслихаты аппаратының жетекшісі Әлжан Тұрдиев депутаттардың нақты қай уақытта ауысатынын айта алмады. 

Кентау мәслихатында қазіргі уақытта 14 депутат бар. Оған Түркістаннан ауысып баратын 8 депутатты қоссаңыз 22 депутат. Бүгінгі күні Түркістан облысының құрамындағы аудан, қалаларда 22 депутаты бар бірде-бір мәслихат жоқ. Яғни, депутаты көп мәслихат Кентауда болайын деп тұр.

Ал бақандай 8 халық қалаулысынан «айырылған»  Түркістан қалалық мәслихаты керісінше, депутаты  ең аз мәслихат атанғалы тұр. Облыстың орталығында бар-жоғы 10 депутат...

 Жалпы, облыстан бөліну, жаңа әкімшілік бөлініс құрудың зардабын халық қалаулылары көбірек тартайын деп тұр. Депутаттарға қатысты тағы бір мәселенің құлағы қылтиды. Бәріне кінәлі заңның талабы. Жоғарыда келтірген «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы заңда депутат өзі өкілеттік ететін аумақтық-әкімшілік бірліктен басқа жаққа тұруға кеткен жағдайда депутаттық өкілеттігінің тоқтатылатыны жазылған. Бұл дегеніңіз енді облыстық мәслихаттағы депутаттар мандатынан айырылғысы келмесе, шұғыл түрде Шымкенттегі «пропискасын» ауыстыруы тиіс. Сайлаушысы ауданда, өзі Шымкентте тұра беретін кез өтті. Түркістан облысының депутаты енді тек Түркістан облысында тұруы тиіс. Сондықтан Шымкенттен шықпайтын біраз депутат енді көрер көзге болса да аудандарға барып тіркеледі. Көзбояушылық болса да...

Ал Шымкентте тұрақты түрде жұмыс істейтін депутаттар қайтеді? Көзбояушылыққа барады ма?

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мұздыбеков пен Меңдіқұлов отпен ойнап отыр ма? - Елдегі дүрбелең осы газ дауынан басталған еді
  • Қазақстанды мұрагер елесі кезіп жүр
  • «Шетелден бір-ақ шыққан шенділер»: Елші болу өсу ме, өшу ме?
  • Дархан ҚЫДЫРӘЛІ: «Тарихқа хайппен емес, байыппен қарау керек»
  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер