Биыл қоғамдық сынға ұшырап, беделінен айрылған, рейтингісін түсіріп алған шенеуніктер аз болған жоқ. Сонау Премьер-министрдің өзінен бастап бір топ министрлер мен әкімдердің жұмысына мін тағылып, тіпті отставка жайлы түрлі сыбыстар таралып жатты. Ал «саяси аренада биыл ұпайын түгендеп, табысқа жеткен лауазымды шенеуніктер кім?» деген сауал туындай қалса, бірден жауап беруге қиналатынымыз рас. Әрі-бері ойлана келе, бүгінгі таңда басы дау-дамайға қалмай, ел-жұрттың сынына ұшырамаудың өзі кез-келген министр немесе әкім үшін айтарлықтай жетістік деген тұжырымға келдік. Әйтеуір, бізге солай көрінеді. Бұл тұрғыда сарапшылар билік басындағылардың жыл басынан бергі жұмысын жан-жақты таразылай келе, мынадай пікірге тоқталып отыр.
Рейтингімізді Әсет Исекешев бастап тұр. Астана қаласының әкімі ретінде жұмысы жоғары бағаланған ол Президент әкімшілігінің жетекшілігіне бекітілген тұста ықпалын анағұрлым арттыра түскені айтпаса да түсінікті. Бұл жаңа саяси деңгейге көтерілу ғана емес, жас шенеуніктердің жаңа генерациясында көшбасшы атанумен бірдей десек артық айтпаған болар едік. Әсекешев Президент әкімшілігіне келгелі бері осы құзырлы органның жұмыс істеу стилінде өзгеріс бола бастағандай. Дегенмен, негізгі жауапты марафон – сайлау науқандары алдағы уақыттың еншісінде екенін ескерсек, Исекешевтің жұмысына біржақты баға беру әлі ерте.
Исекешевтің орынбасары Марат Тәжиннің идеологиялық саладағы позициялары жыл өткен сайын күшейіп келе жатқаны даусыз. Бағлан Майлыбаевтың тұсындағы жүйелік кемшіліктерді қалпына келтірудің өзіне біраз уақыт жұмсалса да, Ақорданың идеологиялық саясатында бірте-бірте бірізділік пен байыптылық байқалып келе жатқандай.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов – осы саланы басқарған шенеуніктердің арасындағы ең табыстысы болғалы тұрған секілді. Өйткені, медицина – қай кезде болсын уы мен шуы басылмайтын, дау-дамайдан бас көтермейтін салалардың бірі. Оның үстіне бірнеше жылдан бері медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің төңірегінде қоғамдық пікір-таластар әлі де жүргізіліп келеді. Соған қарамастан, Біртанов өз ісін білетін маман ретінде көрсете білді. Әйтеуір, денсаулық сақтау саласындағы реформалар айтарлықтай дау-дамайсыз жүргізіліп келеді.
2018 жылды Дархан Қалетаев үшін табысты деп айтуға толық негіз бар. Өзіне сеніп тапсырылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі биыл Қоғамдық даму министрлігі ретінде қайта құрылған соң, құзыры айтарлықтай кеңейді. Жалпы, Қалетаев біраз уақыттан бері жауапты қызметтерде жүргенімен, үлкен саясат алаңғында өзін көрсете қоймаған болатын. Алдыңғы жылдарда Президент әкімшілігі мен «Нұр Отан» партиясында орынбасарлық қызметтерді атқарғанымен, ықпалды фигура ретінде қалыптаса қойған жоқ. «Самұрық-Қазына» қорында басқарушы директор ретінде де оқта-текте көрініп жүргені болмаса, биік асуларды бағындырды деуге келмейді. Бұл тұрғыдан алғанда Қалетаев үшін 2018 жыл трамплин болып, келер жыл нағыз жұлдызды кезеңге айналатын түрі бар. Себебі, Елбасының жарлығымен 2019 жыл – Жастар жылы ретінде бекітілді. Яғни, осы тақырып аясында елімізде қажетті-қажетсіз іс-шаралар жүздеп, мыңдап іске асырылмақ. Міне, Қалетаевтың өзін көрсетуге мықты мүмкіндігі осы.
Нұрлан Ермекбаев үшін де 2018 жыл сәтті кезең болды десек артық айтпаймыз. Әуелгіде айтарлықтай салмағы жоқ Дін істері және азаматтық қоғам министрлігін басқарған ол биыл тамыз Қорғаныс министрінің креслосына отырды. Қалай дегенмен, құзыры кең, мүмкіндігі мол сала болғандықтан, Ермекбаевтың да рейтингісі анағұрлым өсті. Десек те, бұрынғы министрлердің тұсында қорғаныс саласы қаржыны жымқырумен байланысты көптеген даулы мәселелерге белшесінен батқанын ескерсек, мұнда темірдей тәртіп орнату оңайға соқпайтыны анық.
Жыл жеңімпаздарының қатарына сарапшылар Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловты, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановты және қаржы министрі Әлихан Смайыловты да жатқызады. Соңғы екеуінің жұмысында әзірше айтарлықтай табыстар болмаса да, перспектива тұрғысынан алғанда мүмкіндіктері мол. Ал ел-жұрттың назарына іліге бермейтін қорғаныс және және аэроғарыш өнеркәсібі саласында аздап болса да ілгерілеушіліктер орын алғанға ұқсайды. Әйтеуір, жуырда Атамқұлов Қазақстанның киберқорғаныс деңгейі жөнінен әлемнің үздік 50 мемлекетінің құрамына кіргенін мәлімдеді. Алдыңғы жылғы рейтингте сонау 83-ші орында едік.
"Рейтинг" газеті