Ит жылы. Оңтүстік. Басты оқиғалар қандай?

image.jpg

Өтіп бара жатқан Ит жылы жалпы Оңтүстік үшін жаман болған жоқ. 2018-ді тарихи жыл деп атасақ та жарасады. Ит жылы дүниеге келген, 2018 жылы, яғни ит жылында алпысқа толған облыс басшысы Жансейіт Түймебаев биыл бірнеше тарихи оқиғалардың бел ортасында жүрді, тарихи өзгерістердің басты ұйымдастырушысы болды. 

...Былтыр 2018 жылдың табалдырығын аттап жатқан кезде «келер жаңа жылды облыстың шенеуніктері Шымкентте емес, Түркістанда қарсы алады» десе, әй қайдам, бұған ешкім сене қоймас еді. 

Соныменен өтіп бара жатқан 2018 жыл елдің есінде нендей оқиғалармен есте қалды? Рет-ретімен тоқталсақ.

Облыс орталығы Түркістанға ауысты

Жасыратыны жоқ, облыстың орталығы таяу жылдары Шымкенттен Түркістанға көшіріледі деген сөз бұған дейін де айтылып жүрген. Оған біреу сенді,  біреу сенген жоқ. Сенбегендердің көп болғаны анық. Бірақ Ақорда бәрінің қисынын келтірді. 

Маусымда халқының саны миллионға жеткен Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алып, облыстан ірге ажыратты. Оңтүстік Қазақстан облысы таратылды. Тіпті атауына дейін өзгеріп кетті. Жаңа орталық Түркістан қаласы болып белгіленді. Түркістан облысы болып аталды. Мұндай идея авторының кім екені  талас тудырмайтын шығар. Елбасының өзі де қыркүйекте Түркістанға арнайы келіп, Үкімет пен облыс әкімдігіне тиісті тапсырмаларды берді.   

Маусымда осылайша абыр сабыр басталды. Үкіметтен қайта-қайта комиссия келді. Тамызда Түймебаев бастаған шенеуніктердің көші Шымкентпен қош айтысып, Түркістанға жол тартты. 

Түркістан биылғы жаңа жылда алғаш рет облыс орталығы ретінде қарсы алғалы  жатыр. 

Төрт аудан құрылды

Тоқсаныншы жылдарығы қиын-қыстау кезеңде іріленіп кеткен Мақтаарал мен Сарыағаш аудандарын екіге бөлу соңғы оншақты жылдың көлемінде тынымсыз көтеріліп жүрген мәселе болатын.  Уақтысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов осы жөнінде елдің талап-тілегін тыңдау үшін Мақтааралға арнайы барған еді. Одан кейінгі әкім Бейбіт Атамқұлов туралы тіпті «құжаттарды көтеріп, Астанаға кетіпті» деген әңгімелер де айтылған. Бірақ қос ауданды бөлу Жансейіт Түймебаевтың еншісіне жазылыпты. 

Ақпанда алдымен ауылдық округтерде қол жинау басталды. Бұдан кейін аудандық мәслихаттар, ақыр аяғында облыстық мәслихат Мақтаарал мен Сарыағаш аудандарын өзінің тарихи шекарасы бойынша қайта бөлу жөніндегі шешімді қабылдап жіберді. 304 мыңнан астам халқы бар Мақтаарал ауданын үшке: Мақтаарал, Жетісай, Асықата аудандарына бөлу көзделді. Жетісайдың орталығы-Жетісай қаласы, Асықатаның орталығы –Асықата кенті, Мақтааралдың орталығы -Мырзакент болып белгіленді. Ал 326 мыңнан астам халқы бар Сарыағаш ауданын-Сарыағаш және Келес аудандарына бөлу жоспарланды. Келестің орталығы бұрынғысынша Абай ауылы болып белгіленді.  Алайда  жұрт Астанадан қуанышты хабар күтіп жүргенде Мақтааралға қатысты жоба қайтып оралды. Ауданның үшке бөлінуін ақордадағылар қолдамағанға ұқсайды. Ақыр соңы Мақтаарал: Жетісай және Мақтаарал болып екіге бөлінді. Сарыағаш пене Келес өзінің бұрынғы тарихи шекарасын сақтап қалды. 

Күтпеген кадр

Жалпы бір өңірге екі рет әкім болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Облысқа екі рет әкім болған әзірге ешкім жоқ. Шымкентте бары рас. Анарбек Орман Шымкентті алғаш рет тоқсаныншы жылдары, кейінірек 2006 жылы басқарды. А.Орман әкімдіктің тізгінін екінші рет араға тоғыз жыл салып барып ұстаса, Ғабидолла Әбдірахымовқа бар-жоғы жеті ай жетіп жатыр екен. 

Әбдірахымов қызметінен былтыр қазанда босатылып, «Нұр Отан» партиясының хатшысы лауазымын атқаруға кіріскен болатын. Маусымда Елбасының жарлығымен Шымкент республикалық мәртебе алған кезде Әбдірахымов миллионер қаланың тұңғыш әкімі болып, Шымкентке қайта оралды. Әбір сөзі «хит» әкімнің дәурені қайта басталды.  

Шыны керек, Әбдірахымов елдің аузында жүретін әкім. Бірақ халыққа уәдені көптеу беретіні, сол уәдесін толық орындай бермейтін шенеунік екендігі де рас. Екінші әкімдік дәуірінде Әбдірахымов бірқатар жобаларды қолға алып жатыр. «Шымкентке келген қонақтарды қайтқысы келмей жылайтын дәрежеге жеткіземін» деді. Сеул сапарынан кейін Қошқар ата өзенінің айналасына биіктігі көк тіреген үйлер салып, ғаламат демалыс орнына айналдырмақ. 

Не де болса, жаңа жылда мегаполистің әкімінің жобаларына, атқарған тірлігіне сәттілік тілейміз! 

Жеті жастағы баланың ісі

Биылғы оңтүстікке қатысты оқиғаларды сараптағанда  Абай ауылындағы жеті жастағы баланың ісіне  тоқталмай кетуге болмайтын шығар. Бүлдіршінді өзінен үлкен балалардың зорлағаны туралы ақпарат алғашқыда жергілікті басылымда жарияланды. Бұл әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Жергілікті билік ақталып бақты. Облыстың құқық қорғау органдары сараптаманың теріс нәтиже көрсеткенін, қылмыстық іс қозғаудан бас тартылғанын мәлім етті. Дау-дамай сол аудандағы екі ықпалды әулеттің арасындағы текетіреспен де байланыстырылды. Ақыр аяғында іске балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева араласты. Баланы Алматыға алып кетіп, сол жақта кешенді сараптама тағайындалды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев  өзінің орынбасарынан бастап, білім басқармасының басшысын, аудан әкімін тәртіптік жазаға тартты. Кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын бірқатар полицейлер қызметтерінен босатылды. 

Бұл іске тіпті президент де пікір білдірді. Елбасы да жауаптылардың мәселесін ескерусіз қалдырған жоқ.  Балиеваны орнынан алды. Ақыр соңында ұзақ күттірген сараптама баланың зорланғанын растады. Күдіктілердің ішінде кәмелетке толған біреуінен басқасы қылмыстық жауапкершіліктен босталды.

Жәбірленген баланың кейінгі тағдыры белгісіз. 

Кадрлық сапырылыс 

Биыл облыстық әкімдікке біраз кадр келді, біразы кадр кетті. Алдымен кеткендер жөнінде.

Шілдеде Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпбеков парамен ұсталды. Әкімнің ісіне қатысты тергеу амалдары,  сот отырысы тез аяқталып, айыпталушы айыппұл төлеумен құтылды. Жалпы биыл Оңтүстікте парақорлық дертінің дендегені рас. Осыған байланысты «Нұр Отан» партитясының комиссиясы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевты Астанаға  шақыртып алып, жемқорлық мәселесін алқалы жиында қарады. 

Түркістанға кеткен көшке ілеспей біраз басқарма басшылары Шымкентте қалып қойды, барғандарының өзі де жұмыстан босады. Солардың бірі кезінде Ордабасы, Сайрам аудандарының әкімі, кейін облыстық дін істері басқармасының басшысы болған Самат Сапарбаев. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев та Шымкенттен алысқа ұзамауды жөн көрді. Құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев  пен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт  қызметтерімен қош айтысты.  Жамашев пен Байғұттың аты-жөндерін «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалында жасақталып жатқан кадрлық резервінен байқап қалдық. Айтпақшы, осы резервте биыл өз еріктерімен облыстық мәслихаттағы мандатын тапсырып кеткен жеті депутаттың басым бөлігі жүр. Яғни, олар жуық арада не қызмет алады,  не партиялық тізім бойынша депутат атанады. 

Ал келгендердің ішінде тек облыс әкімінің орынбасарларына тоқталсақ: Ж.Түймебаев бос тұрған бірінші орынбасарының креслосына  сонау Павлодар облысы Екібастұз қаласының әкімі болып жүрген Қайрат Нүкеновты алып келді. Тағы бір орынбасар Ербол Тасжүреков Астанадан келді.  Жуырда иделогия жөніндегі орынбасар болып тағайындалған шенеунік, жазушы, аудармашы һәм драматург Мәлік Отарбаев Түркиядағы елшіліктен алдырылды. 

Келер доңыз жылының қандай тосын сый әзірлеп тұрғанын кім білсін! Жаң жыл жағымды жаңалықтарымен қуантсын!

Б.ЕРНАЗАР,

"Рейтинг" газеті


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мұздыбеков пен Меңдіқұлов отпен ойнап отыр ма? - Елдегі дүрбелең осы газ дауынан басталған еді
  • Қазақстанды мұрагер елесі кезіп жүр
  • «Шетелден бір-ақ шыққан шенділер»: Елші болу өсу ме, өшу ме?
  • Дархан ҚЫДЫРӘЛІ: «Тарихқа хайппен емес, байыппен қарау керек»
  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер