Әулиелі, киелі жерлерімен, әншілерімен, одан қала берді атқамінерлермен аты шыққан Бәйдібек ауданы бүгінгі күні істің көзін тауып, кәсіпкерлікті шырқ үйіретін, халықтың талап-тілегіне құлақ асып, ауылдың кем-кетігін түгендей алатын әкімге зәру болып отыр.
Естеріңізде болса, Бәйдібек ауданының әкімі Бақытбек Танагөзов облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың тағайындаған ең алғашқы кадрі болатын. Бірақ ең алғашқы кадрдің, ел үлкен үміт артқан шенеуніктің екі білегін түріп бастап, қызметінен қызу кіріскені байқалмады. Әкімнің екі жылдан бері естіп келе жатқаны сын, ескерту десек қателеспейтін шығармыз.
Ал Танагөзовтың өзі елге орындалмайтын уәде беруден шаршамайды. Әкімдердің халық алдындағы есеп беруі басталғалы ол тіптен үдей түскен тәрізді.
Жуырда аудан әкімінің Бөген ауылдық округі Шалдар ауылында өткен есеп беру жиынына біз арнайы барып қатысқан едік.
- Ауданда 77 нысанда құрылыс жүріп жатыр. Бұл Бәйдібек ауданының тарихында болып көрмеген. Газ келіп жатыр. Егер газ берілсе, мұнда қаладағыдай жағдай болады. Мен Ордабасы ауданындағы жиындарды бақылап отырамын. Ондағы халық қазір шырылдап отыр: «Газ құбырының қасында отырып неге газ алмаймыз, газдың бәрін неге Бәйдібек ауданына тарта бересіңдер?» дегенді айтады,-деді есеп беру жиынына жиналған халыққа Бақытбек Танагөзов. Шындығында әкім мақтанатып сөйлегендей емес нақты жағдайдың мүлде басқаша екеніне бәйдібектік тұрғындардың көгілдір отынға зар болып көптен бері шырылдап жүргені, жергілікті шенеуніктер мәселенің шешімін таба алмай жатқаны айқын айғақ бола алады. Айталық Боралдай ауылы тұрғындарының ең негізгі мәселесі «көгілдір отынға» қатысты. Ауылға бұған дейін қазынадан бөлінген 1 миллиард 38 миллион теңгеге газ құбыры тартылған. Құрылыс жұмыстары былтыр аяқталған. Бірақ газ жоқ. Атқамінерлер «ҚазТрансГаз» нысандарды қабылдамай жатыр» дегеннен әріге аса алмай әрекетсіздік танытуда.
Аудандағы Ақбастау ауылындағы жағдай да осындай. «Ойбай ауылға газ келеді» деген соң әкімдік ауыл ішінде құрылысы басталып қойылған жол жөндеуді тоқтатып тастаған. Бұл кезде жолдың бір жағы сүріліп қойылған екен. Енді міне, қазір халық ескі жолға да зар болып отыр. Ал «қаладағыдай өмір әкеледі» деген газ әлі берілмеген. Бұдан бөлек бағаналары нашар жарық жиі өшіп қалады. Қоқыс полигонының айналасы қоршалмаған...тағысын тағылар.
Шалдарда да негізгі проблема да газға қатысты. Газ құбыры тартылып қойылған, бірақ «көгілдір отын» жоқ. Кейбір көшелерде газ қондырғылары ұрланып кеткен. Ертең оның орнын кім толтыратыны белгісіз? Ал есеп беру жиынында көршілес ауданды салыстыра сөйлеп мақтанумен сөз бастаған аудан әкімі Бақытбек Танагөзов жұртшылықтың газға қатысты берген жазбаша сауалдарына нақты жауап берген жоқ. Мұны да есеп берудің есебіне жатқызуға бола ма?
-Сіздердегі жағдай басқа ауылдармен салыстырғанда 10 есеге жоғары. Сондықтан атқарылған жұмыстарға қанағаттануға тиіспіз...Айқайлап, дірілдеп сөйлегенді қою керек, -деді Танагөзов. Осыдан кейін атқанімерлерге арыз-шағым айтуға кімнің жүрегі дауалай қойсын? Әйтеуір, жиынның бас жағында «Шалдарға көңіл бөлінбей жатыр», «Жиенқұмда жарық нашар» деп сөйлеген бір-екі ақсақалдан басқасына сөз кезегі тимей қалды. Сонда халыққа тым құрыса талап-тілек айтқызуға мүмкіндік берілмейтін жиын кімге керек, кімге пайдалы?
Бақытбек Танагөзовтың баяндамасындағы мәліметтерге қарағанда, ауданда былтыр барлық салада өсім болған. Тағы да қайталап айтайық, барлық салада. Ең ақыры аудан әкімінің есеп беру жиынына қатысушылардың саны да артып, Танагөзовтың «даналық сөздеріне» ұюшылардың саны 4109 адамнан 4216 адамға дейін көбейіпті... Көрдіңіздер ғой, Бәйдібекте бәрі керемет... Әрине, қағаз жүзінде. Шаяндық шенеуніктер әйтеуір «жаманын жасырып, жақсысын асырып», сырт көзге бәрін керемет, бәрі ғаламат етіп көрсетіп жатыр. Халықты осындай «ертегілерге» сендіргілері келеді. Осының да салдары болар. «Рейтинг» газеті редакциясына соңғы кездері Бәйдібек ауданынан ағылған арыз-шағым көбейіп кетті. Солардың тек бір-екеуіне ғана тоқталсақ...
Былтыр күзде Бақытбек Танагөзов Бәйдібек ауданының 90 жылдық тойын дүркіретіп өткізіп, осы шарада бірқатар әлеуметтік нысандардың лентасын қиғаны белгілі. Солардың негізгісі жүзу бассейіні мен жабық теннис корты болатын. Бұл екі нысанды араб инвесторлары салып берген. Жұмсалған қаржының көлемі 1,3 миллиард теңгені құрайды. Сол жолы туған жеріндегі торқалы тойға арнайы барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қонақтармен бірге екі нысанды аралап көріп, оның кереметтегіне тәнті болған. Расында да мұндай нысанды шаяндықтар бұған дейін түсінде де көрмеген. Жүзу бассейінінің тереңдігі 25 метр екендігін, судың температурасы арнайы қондырғылардың көмегімен автоматты түрде реттелетінін ақпарат құралдары жарыса жазып жатты. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сол жолы шаяндық шенеуніктерге:
– Мұнда ауыл балалары ұдайы жаттығып, салауатты өмір салтын құруы қажет. Мынадай спорттық жабдықтар күннің астында қаңырап бос тұрмауын қадағалаңыздар, – деген еді.
Редакцияға хабарласқан шаяндық тұрғындардың айтуынша, қос нысан осы уақытқа дейін жұмыс істемейді. Неге істемейтінін ешкім білмейді. Сонда аудан орталығындағы су жаңа екі нысанды қаңыратқан Танагөзов кімді алдап отыр? Облыстың әкімін бе, әлде қара халықты ма? Біздіңше екеуін де. Жалпы, Жансейіт Түймебаевтың өзі тағайындаған, ерекше сенім артқан кадріне бұған дейін де қатаңырақ ескерту жасаған. Естеріңізде болса, 2017 жылдың тамызында Бәйдібек ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі:
-Индустриалды аймақтың мүмкіндігін тиімді пайдалана алмай отырсыздар. Әлі күнге мұнда кәсіпорын құру жұмыстары қолға алынбай келеді. Осы ретте аудан әкімінің жұмысына сын айтуға болады. Жыл соңына дейін нақты іске асырылатын жобаларды талқылап, алдағы жылы кәсіпорындарды тездетіп ашуды тапсырамын, — деген еді.
Алайда содан бергі бір жарым жылда Бәйдібекте жүзеге асқан өнеркәсіп жоба туралы ешкім ештеңе білмейді. «Шаян» индустриялды аймағының құрылысы толығымен аяқталғанымен, онда осы уақытқа дейін нендей жоба іске асырылғанынан ел тағы мүлде хабарсыз. Шалдардағы жиында Танагөзов не «Шаян» индустриялды аймағын, өткен жылдары жүзеге асқан өнеркәсіптік жобалар туралы ләм-мим деген жоқ. «Ауызды қу шөппен сүртті» деген осы шығар.
Өткен аптаның соңында «Нұр Отан» партиясы өткізген қабылдауға келген Бәйдібек ауданы Боралдай ауылдық округінің төбе биі Сегізхан Орынбасаров «Рейтинг» газетінің тілшілеріне берген сұхбатында былай деді:
-«Шаян» индустриалды аймағы біздің Боралдай ауылдық округіндегі Жыланды ауылынан салынған. Жүз миллиондаған қаржы жұмсалған аймақ қаңырап тұр. Бірде-бір жоба жүзеге аспаған. Шетелдің инвесторлары травертин тасын өндіреді деген. Одан беріде тағы бірнеше инвесторлар келеді деген. Бірақ бірде-біреуі жоқ. Ертең пәленбай қаржы жұмсалған нысанның қараусыз қалып, талан-таражға түспесіне кім кепіл? Осы мәселе аудан әкімінің Боралдайда өткен есеп беру жиынында көтерілді. Шенеуніктердің айтуынша, индустриялды аймақты енді ауыл әкімдігі облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму басқармасының меншігіне бергісі келетін көрінеді. Ал басқарма қабылдағысы келмейтінге ұқсайды. Бәйдібектің өндірісін қыз-қыз қайнатады деген тірліктің бүгіні жайы осындай. «Шаян» индустриялды аймағы талан-таражға түсіп кетпесе деген күдік негізсіз емес. Боралдайда 43 миллион теңгеге қоқыс полигоны салынған. Пайдалануға беріліп қойылған нысан қараусыз қалып кетті. Соның салдарынан нысанның біраз дүниесі талқандалды, ұрланған. Полигон аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансында. Ал бөлімнің бұл нысанға қызметкер бөлуге штаты көтермейді екен. Оны не ауылдық әкімдіктің меншігіне бермеген,-дейді ауыл биі.
Сөзімізді түйіндесек, Бәйдібек өкіметтен бөлінген қаржыны игеруді ғана білетін, өнеркәсіпті өркендете алмайтын, өзіндік кірісті көбейте алмайтын аудан ретінде артта қалып отыр. Бұл нені көрсетеді? Орындалмайтын уәде беруге әдеттенген әкім Танагөзов пен оның командасының жиындарда мақтанып сөйлегенмен шындығында тек қағаз жүзінде «өте тиімді» жұмыс істейтінін, өз арбасын өзі тарта алмайтынын... Мұндай аудан әкімі елге керек пе? Түймебаев облыс әкімі болып тағайындалғанда бөркін аспанға атып қуанған елдің үміті ақталатын күн туа ма? «Түймебаевтың туған жеріне жаны ашыса, «таңғажайыптары» тек қағаз жүзіндегі Танагһзовты неге ауыстырмайды?». Елдің көкейіндегі бүгінгі күннің басты сауалы осы.
Бұған енді елге есеп берудің қорытындысына байланысты бәйдібектіктердің өздері не айтады, облыс басшысы не дейді? Тақсыр уақыттың төрелігін күтелік.
Бақытжан Әбдірашұлы,
"Рейтинг" газеті