Пәрменсіз Парманов немесе қала ішіндегі қиын аудан

1547469073951478.jpg

Өткен жылы миллионды қала атанып, мәртебесі өзгерген Шымкенттің тұрғындары ауыз суды тасып ішеді дегенге сене қоймассыз. Өкінішке қарай, ауыз суға қолы жетпей отырған тұрғын үй алаптары бар екен. Үшінші мегаполистің төрт ауданында әкімдер тұрғындар алдында есеп берді. 

Осы есептік кездесулерде жиі көтерілетін мәселелерді саралай келе, Шымкент ауыз суға зәру, жарығы жиі сөнетін, қоғамдық көлік дұрыс қатынамайтын,  орталықтан тыс жерлердегі жолдары батпақ қала екен деген ойға қаласыз. Аудан әкімдерінің жұмысына көңілі толмайтынын білдірген тұрғындар да аз емес. Әсіресе, Абай ауданында шешімін күткен өзекті мәселе өте көп.

Мысалы, Құрсай елді мекенінің тұрғыны Арман Алпысов Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың жұмысына өте нашар деген баға берді. «Сіздің атқарған жұмыстарыңызға 283, 282 кварталдағы халықтың атынан қояр бағам өте төмен. Өйткені, біздің кварталда ішетін су жоқ. Кәдімгі ішетін ауыз су жоқ. Адам деген күніне 3 литр су ішу керек қой. Осы мәселеге байланысты біз көршілермен бірге қала әкімінің атына, сізге де бірнеше рет арыз жаздық. Ешқандай нәтиже жоқ. Одан кейін сіздерге арнайы ұсыныс хат жаздым. «Еш болмаса «водовоз» көлігін жүргізіңіз немесе колонка қойып беріңіз» деп. Оны да шеше алмадыңыз. Әлі күнге жекеменшік трансформаторға күніміз қарап отыр. Жарық жиі сөнеді. Өрт шығып бір үй отқа оранғанда өрт сөндіруші көлік саз-балшық жолдан өте алмады. Себебі, жолға төселген тастың ені – 3 метр. Ол жерге өрт сөндіруші көлік сыймайды», -  деді Арман Алпысов. Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөздің қала тұрғыны көтерген мәселелер бойынша берген  жауабы көпшілікті қанағаттандырмады. Ал аудан әкімі басқарма өкіліне қарата: «Біз протоколға енгізіп, қаржы бөлдіртіп, міндетті түрде суды тасымалдауды қамтамасыз етуіміз керек. Демеушілер бір рет, екі рет тасиды, болды, одан ары тасымайды. Бұл кісілер әр жерден жағымсыз су ішіп жатыр. Ертеңгі күні ауру тарап кетсе біз тікелей жауапты боламыз. Сіз айтып жатырсыз, бюджеттен қаржы қаралмай жатыр, мүмкіншілік жоқ деп. Менің де мүмкіншілігім жоқ. Не істеуіміз керек? Дұрыс көзқараспен қараңыз. Мекемелер бар бізде... Бір-екі автокөлік табайын. Бірақ, жыл он екі ай қамтамасыз ете алмаймын ғой. Сіз бізге жәрдем беріңіз», - деп ұсынысы мен өтінішін білдірді. Осылайша халық әкім Б. Пармановтан, ал ол пәрменсіздігін білдіріп басқармадан көмек сұрады. Айтпақшы, есеп берген күннің ертеңіне Абай ауданының әкімі Б.Парманов кварталдағы тұрғындарға арнап «водовозбен» су жіберген екен. Алайда су таситын көлік тұрғын үй алабының батпақ көшелеріне тығылып, діттеген жеріне жете алмай қалды.

Аудан аумағында өткен жиындарға қатысқан тұрғындардың басым көпшілігін ауыз су, көгілдір отын, сапалы электр жүйелері және қоғамдық көліктің мәселесі толғандырады. Тағы бір шешімін таппай келе жақтан мәселенің бірі – құжат рәсімдеу. Аудан аумағындағы 7 елді мекенде құжаттары жоқ және толық рәсімделмеген 2160 үй бар. Олар - Сайрам, Ордабасы, Төле би аудандарынан қалаға қосылған елді мекендердің тұрғындары. Бұл орайда аудан әкімі  Жаңаталап, Игілік елді мекендерінде рәсімделмеген 868 үй болса, оның 754-інде мүлдем құжат жоқ екенін айтып өтті. Сәуір айына дейін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, шілде айынан бастап уақытша 2 жылға шешім берілмек. Жаңаталап елді мекенінің тұрғыны Жалғасбек Тұрғынбаевтың айтуынша, жер құжатының рәсімделмеуіне байланысты көптеген тұрғындар мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектерді ала алмай келеді. Ал «Жаңақұрылыс-2» ауылының тұрғыны айта-айта жауыр болған, «тізесі шыққан» жолға қатысты қиындықтарды айтты. Қоғамдық көлік қатынасы да сын көтермейді. Негізі Абай ауданында жол, су, жарық, газ, қоғамдық көлік мәселелері жыл сайын көтеріліп келеді. Бірақ, есеп берулерде көтерілген мәселелердің шешілу барысы өте баяу. Қала әкімдігі аудандағы қордаланып қалған мәселелері реттеуге неге құлықсыз? Жауаптың бір парасы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың сөзінде жатқан секілді.  

– Сіздерге уақтысында ол үйлерді соғуға Сайрам ауданы жер берді. Ол жерде не су жоқ, не жарық жоқ, не жол жоқ еді. Сіздер сонда бардыңыздар да, үйлеріңізді соғып алдыңыздар. Дұрыс па? Енді қазір үйді соғып аласыздар да, кейін әкімшілікке келіп шағымданасыздар. «Маған свет жүргізіп бер, маған су кіргізіп бер» деп. Негізі, заң бойынша, үй соғу үшін ол жерге бірінші жол, су, жарық кіргізу керек. Содан кейін ғана үй соғылуы тиіс. Ал, сіздер мың, оң мың адам үй соғып алып келесіздер. Әрине, біз оған «жоқ» деп айтпаймыз. Біз сіздерге жолдарыңызды жасап береміз. Суды да, газды да кіргізіп береміз. Бірақ, мен былтыр да келген кезде сіздерге айтқам, басқа ауылдарға да айтам, қаланың көлемі – 117 мың гектар. Біздің еліміздегі ең үлкен қала. Қала облыстан бөлініп, өзінің бюджетін енді-енді қарастырып жатыр. Бұрын облысқа бөлінген қаржы аудандарға кетіп қалушы еді. Біз барып облыстан сұраушы едік. Енді қазір өзімізде бюджет бар. Былтыр қаланың бюджеті – 150 млрд. теңге болса, биыл – 170 млрд. теңге, яғни 20 миллиардқа көбейді. Келесі жылы бұдан да көп болады. Сондықтан, біз Абай ауданының, сіздер тұратын ауылдардың мәселелерінің бәрін білеміз. Өте қиын жағдайда. Мен түсініп тұрмын, қиналып жүргендеріңізді. Бірақ, сәл сабыр сақтаңыздар, бізге уақыт керек. Әрине, Абай ауданы мен үшін қиын аудан. Бұрын кәдімгі ауыл болған. Қазір де ауыл,  қалаға өткен соң біраз мәселелер енді-енді шешіле бастады, - деді қала әкімі тұрғындарды сабырға шақырып. Сондай-ақ Ғ.Әбдірахымов қалаға биыл жаңадан 1000 автобус сатып алынатынын, муниципалды парк ашылатынын, яғни барлық елді мекендерде қоғамдық көлік мәселесі шешімін табатынын айтып өтті. 

Осы арада айта кетелік, коммуналдық қызметтерге қатысты мәселе қала аумағындағы өзге аудандарда да баршылық. Мысалы, есептік кездесулерде Қаратау ауданының тұрғындары тарапынан  елді мекендерде жылу, жарық, ауыз су, жол саласында проблема көп екендігі айтылды. Қалаға бар болғаны 2 бағыттағы автобуспен қатынайтын жұртшылық көлік санының көбейгенін қалайды. Одан бөлек, жөндеуді қажет ететін жолдар баршылық. Сайрам тұрғын алабынан сайланған мәслихат депутаты Құсан Ахметхановтың айтуынша, ауыз су мәселесі 11 жыл бойы көтеріліп келеді екен. «Үш рет республикалық бюджеттен 3 миллиард теңгеден артық қаржы жұмсалды. Бірақ, бүгінге дейін бірде-бір елді мекенде тәулігіне 24 сағат су берілмейді. Кәріз жүйесінің жұмысы да нашар. Арық, каналдарды тазартуды күн тәртібіне қойсаңыздар», - деді депутат.  Бұл орайда аудан әкімі Исамуддин Қантөреев ауыз су мәселесі бойынша «Евросервис» ЖШС мекемесі жұмыс істеп жатқанын алға тартып, келер жылдың соңына дейін 3000 абонентке ауыз су беруге уәде етті. 

Иә, біз есептік кездесулерде тұрғындар көтерген мәселелердің бірқатарын ғана келтірдік. Дегенмен республикалық маңызға ие болған үшінші мегаполистегі әлеуметтік мәселелердің басым бөлігі қалаға іргедегі аудандардан қосылған елді мекендерде екенін айта кетелік.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент

08.02.2019 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мұздыбеков пен Меңдіқұлов отпен ойнап отыр ма? - Елдегі дүрбелең осы газ дауынан басталған еді
  • Қазақстанды мұрагер елесі кезіп жүр
  • «Шетелден бір-ақ шыққан шенділер»: Елші болу өсу ме, өшу ме?
  • Дархан ҚЫДЫРӘЛІ: «Тарихқа хайппен емес, байыппен қарау керек»
  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер