Түймебаев тындырымды тірлігімен үлгілі із қалдырды

Screenshot_12.jpg

Іскерлігі қимыл-қозғалысы мен сенімді жүріс-тұрысынан, салмақтылығынан да аңғарылған Ж.Түймебаевқа алдағы уақытта қандай қызмет ұсынылатыны әзірге беймәлім. “Жігіттік дәурен өткен соң, кісілік дәурен келеді” деп Майлықожа бабамыз айтқандай, оңтүстік өңірін басқаруға кісілік дәуренінде келген оның әкімдік міндетін атқаруда артына қалдырған үлгі-өнегесі көп болғанын, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды зейінмен зерделеп белгілі бір шешім қабылдауда қателеспеуді қалағаны, еңбегі лайықты бағаланғанын қош көргені анық. Еңбектің қарапайым халық тарапынан жоғары бағаланғаны, әрине мемлекеттік қызметкер үшін маңызды. Бұл орайда көпшілік кешегі облыс әкімін, яғни Ж.Түймебаевты алдыңғы әріптестерімен және бүгінгі басшы Ө.Шөкеевтің жұмысымен салыстыра отырып бағалайтыны анық. Демек, бұл тақырыпқа қайта оралармыз.

Әзірге облыс тізгінін ұстаған кезеңде Ж.Түймебаев жұрт есінде қаларлық қандай бастамалар мен тиімді жобаларды жүзеге асырғанын қысқаша айтып өтелік. Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып 2016 жылдың 7 қазанында тағайындалды. Одан бұрын, яғни Б.Атамқұловтың кезінде айтыла бастаған құрылымдық өзгерістер жөнінде сөз көбейе бастаған тұс еді бұл. Облыстың орталығы таяу жылдары Шымкенттен Түркістанға көшіріледі деген сөзге біреу сенді,  біреу сенген жоқ. Сенбегендердің көп болғаны анық. Дегенмен 2018 жылдың маусымында халқының саны миллионға жеткен Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алып, облыстан ірге ажыратты. Оңтүстік Қазақстан облысы таратылды. Тіпті атауына дейін өзгеріп кетті. Жаңа орталық Түркістан қаласы болып белгіленді. Түркістан облысы болып аталды. 20 маусымда облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХIV сессиясы өтті. Сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен  өткен алқалы жиында облыстық мәслихат депутаттары жаңадан құрылған Түркістан облысының әкімі болып Жансейіт Түймебаевтың тағайындалуын бірауыздан қолдады.

Яғни, Жансейіт Түймебаев бірнеше тарихи оқиғалардың бел ортасында жүрді, тарихи өзгерістердің басты ұйымдастырушысы болды. Тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде іріленіп кеткен Мақтаарал мен Сарыағаш аудандарын екіге бөлу соңғы оншақты жылдың көлемінде тынымсыз көтеріліп жүрген мәселе болатын.  Кезінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов осы жөнінде елдің талап-тілегін тыңдау үшін Мақтааралға арнайы барған еді. Одан кейінгі әкім Бейбіт Атамқұлов туралы тіпті «құжаттарды көтеріп, Астанаға кетіпті» деген әңгімелер де айтылған. Бірақ қос ауданды бөлу Жансейіт Түймебаевтың еншісіне жазылыпты. Мақтаарал: Жетісай және Мақтаарал болып екіге бөлінді. Сарыағаш пене Келес өзінің бұрынғы тарихи шекарасын сақтап қалды. Облыс орталығы Түркістанға ауысты. Тамызда Түймебаев бастаған шенеуніктердің көші Шымкентпен қош айтысып, Түркістанға жол тартты. Жаңа облыстың дамуын бақылауына алған Елбасы қыркүйекте Түркістанға арнайы келіп, Үкімет пен облыс әкімдігіне тиісті тапсырмаларды берді.   

Жансейіт Қансейітұлының қай салада, қандай қызметте жүрсе де тынымсыз ізденісі мен еселі еңбегінің арқасында әрқашан абырой биігінен көріне білетінін айтушылар аз емес. Ғылымда да, саясатта да, дипломатия мен мемлекеттік басқару ісінде де ол білікті басшы, шебер ұйымдастырушы екенін мойындата алды. Ұлт пен мемлекет мүддесін бірінші орынға қойып еңбек етті. Елбасы Н.Назарбаевтың жаңадан құрылған Түркістан облысының тұңғыш әкімі етіп Ж.Түймебаевты тағайындауында, осындай қасиеттері ескерілсе керек.   

Screenshot_14.jpg

Өңірге Жансейіт Қансейітұлы басшылық жасаған соңғы жылдары қоғамның барлық саласында ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға кол жеткізілді. Ең бастысы өңірдің дамуы мен ел руханиятына оң ықпал ететін бастамалар көтерілді. Мемлекет басшысы облыс әкімдерінің іскерлігі инвестиция тартудан айқындалатынын айтқан-ды. Бұл ретте өңірде айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Кезінде Түркияда елші болған, сыртқы байланыстың қыр-сырын меңгерген облыс әкімі көптеген мемлекеттердің инвесторларымен кездесіп, тиімді келісімдерге қол жеткізе білді. Нәтижесінде 2017 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 20,2 пайызға артты. Өсім бойынша облыс республикада 1 орынды иеленді. Біріккен Араб Әмірлігімен медициналық бұйымдар және дәрілік заттар шығаратын зауыт салу, Ресеймен Евро-5 стандартына сай жанар-жағармай өндіретін мұнай өңдеу зауытының құрылысын жүргізу жөнінде келісімдер жасалды. Қытай кәсіпкерлерімен биоэталон және фосфор тыңайтқыштарын шығаратын зауыттардың, күн электр станцияларының құрылысын жүргізу туралы уағдаластыққа қол жетті. Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында 2017 жылы Қазақ-Түрік инвестициялық форум ұйымдастырылды. Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет «Қазақстанның Ұлы Жібек жолына саяхат» халықаралық фестивалі аясында «Ontustik Tourism. Invest 2017» туристік, инвестициялық форумы өтті. 

Өзбекстанмен шекаралас өңір үшін сауда-саттық, туризм, кәсіпкерлік салаларының маңызы зор. Мемлекет басшыларының келіссөздері екі ел арасындағы байланысты нығайта түсті. Шекарадан өту жеңілдеді. Дипломатия саласында әбден төселген Жансейіт Түймебаев облыс пен көршілес ел арасындағы байланысты жандандырып, меморандумдарға қол қойды. Бизнес форумдар ұйымдастырылды. Ташкент пен Шымкент қаласында автобус бағытының ашылуы да өңір үшін айтулы оқиғаның бірі болды. Түркістан өңірінде өндірілген целлюлоза, мотор майлары, трансформаторлар, металл өнімдері, алюминді және ПВХ профильдері, ет, май, кілем, мата, дәрі-дәрмек бұйымдарына шетелден сұраныс көбейді. Ал өткен жылы облыс бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 288 млрд. 76 млн. теңге болып, 2017 жылмен салыстырғанда 1,2 пайыз артты. Инвестиция салымдарының басым бөлігі өнеркәсіп, ауыл, орман және балық шаруашылығы және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар салаларына тиесілі. Негізгі инвестициялық салымдардың 80,7 пайызын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған, олардың көлемі –  232 млрд. 376 млн. теңге. Сондай-ақ «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 69 мың 682 адам қамтылып, жылдық жоспар 10,1 пайызға артты.  Өткен жылы өңірде нақты 31 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.  Ал өнеркәсіп өнімінің көлемі – 453,8 млрд. теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі – 236,9 млрд.теңге болып, өсім – 100,7 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі – 544,3 млрд. теңгені құрап, 2017  жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға артқан. Атап айтқанда, мал шаруашылығында ет өндірісі – 4,8 %, сүт – 2,8 %, жұмыртқа – 8,1 пайызға артты. Бұдан өзге, құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі – 139,1 млрд. теңгені құрады. 

Тұрғындардың жайлы өмірі үшін, әрине тұрақты жұмыс, баспана және әлеуметтік нысандар қолжетімді болуы тиіс. Әсіресе, қазір тұрғын үй мәселесі өте өзекті. Сондықтан өңір басшысы тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін назардан тыс қалдырған жоқ. Нәтижесінде құрылыс қарқыны жылдан-жылға арта түсті. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы – 387,8 мың шаршы метрге жетіп, 2017 жылға қарағанда 21,7 пайызға артқан. Тиісінше, бұл салада облыстың Республикадағы үлесі 3,1 пайызға жетіп, 3-орынды иеленді. Ж. Түймебаев облыстың республикалық бюджетке тәуелділігін төмендету мәселесіне де ерекше көңіл бөлді.  Мысалы, өткен жылы бюджеттің жалпы көлемінде өзіндік кірістердің үлесі 17,1 пайызға артып, 7 млрд. теңгеге өсті. Бюджеттің шығыстар бөлігінде ағымдағы шығындар 467,7 млрд. теңгені құраса, ал даму бюджетінің шығындары 94 млрд. теңгеге жетті. Бюджет көлемінде әлеуметтік салаға бағытталған шығыстар 341,2 млрд. теңгені құрап, үлесі – 60,7 пайыз болды.         

Жансейіт Түймебаевты Шымкент қаласының тұрғындары да аз уақыттың ішінде іскер басшы ретінде танып үлгерді. Қала аумағында Қошқар ата демалыс аймағы ашылды. Тұрғындардың демалуына, серуендеуіне жағдай жасалып, бұрын айналасы қоқыстан көз ашпайтын өзен маңы адам танымастай өзгерді. Шымкенттің «Ескі шаһар» деп аталатын бөлігінің даму жоспары бекітіліп, нақты жұмыстар қолға алына бастады. «Бекет батыр» көшесін арбатқа айналдырды. «Шатқал» бағдарламасы да Ж.Түймебаевтың бастамасымен жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында 2017 жылы Шымкент қаласындағы 125 гектар аумақтағы 7 шатқалда 81 мың түп көшет егілді. 2017 жылы өңірдегі тұқымбақтардан аудан, қала әкімдіктеріне 480 мың дана көшет тегін берілсе, өткен жылдан бастап 2 миллионға жуық түп көшет таратыла бастады. 

Облыста отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың, туризм және сыртқы байланыстар басқармасының құрылуына да Түймебаев бастамашы болды. Өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және салт-дәстүрлеріміз бен тарихи мұраларымызды насихаттау мақсатында тың іс-шаралар ұйымдастырылып, дәстүрге айналды. 2016 жылы Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласына «Туған жерді түлету – перзенттік парыз!» атты іс-шараны қолға алды. Осы облыста туған зиялы қауым өкілдері мен кәсіпкерлер, ақын-жазушылар және белгілі азаматтар елге шақырылып, инвестиция салу жөнінде ұсыныс айтылды. Әкімнің бастамасы қолдау тауып, нәтижесінде «Туған жер» арнайы жобасы аясында кәсіпкер, демеушілер есебінен сомасы 31 млрд. 467 млн. теңге болатын 577 өңірлік жоба іске асырылуда. 

Іскер азаматтың басшылығымен атқарылған жұмыстар тізе берсек жетерлік. Жұмыс барысында кемшіліктер де болған шығар. Дегенмен соңғы жылдары республикадағы тұрғыны ең көп өңірде ілкімді істер мен жүйелі жұмыстардың қолға алынуына және тиімді жобалардың жүзеге асуына Жансейіт Қансейітұлының сіңірген еңбегі ерекше.  

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мұздыбеков пен Меңдіқұлов отпен ойнап отыр ма? - Елдегі дүрбелең осы газ дауынан басталған еді
  • Қазақстанды мұрагер елесі кезіп жүр
  • «Шетелден бір-ақ шыққан шенділер»: Елші болу өсу ме, өшу ме?
  • Дархан ҚЫДЫРӘЛІ: «Тарихқа хайппен емес, байыппен қарау керек»
  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер