Қыз баласы болғандықтан сұлулыққа, әдемілікке, көркемдікке құмарту, ол – заңдылық. Табиғи сұлулық өз алдына, бірақ кейде сұлудан да сұлу болғымыз келіп, бетімізге түрлі бояу жағып, әшекей-бұйымдарды үйлестіріп таққанды да жақсы көреміз. Келбетімізге көрікті деталь қосатын аксесcуарларды сатып аларда біз оның тек сырт пішіні, сапасы, жарасымдылығына ғана назар аударатынымыз жасырын емес шығар. Наурыз мерекесі қарсаңында Арбаттағы қолөнер бұйымдарын сатып тұрған жұбайлардан қазақи нақыштағы, оюлы сырға сатып алған едім. Қаптамасында «Өрнек» ұлттық өнер орталығының логотипін байқадым. Жуырда аталған шеберхананың жұмыстарымен танысу мақсатында арнайы іздеп бардық. Себебі, оның жұмысы сырғалармен ғана шектелмеген еді.
Қазіргі таңда қандай да бір тауарды сату жолында әлеуметтік желінің маңызы зор. Сату және сатып алуға келгенде, белгілі бір дүниені жарнамалағанда, жалпы айтқанда кәсіпті дөңгелетуде қазір Instagram-ның дәуірі жүріп тұр десек те болады. Өйткені, «Өрнек» ұлттық өнер орталығының сауда парақшасын да, оның иесі Ғазиза-Таңшолпан Тілеубаеваны да әлеуметтік желіден таптым. Жарияланған фотосуреттер арасында қыз баласына қажетті қазақи әшекей-бұйымдардан бөлек, сауыт-саймандар, ру-таңбалардан жасалған алқа мен білезіктер, кәжекей, бас киімнің түр-түрі, жарғақ, шолақ шалбарлар, сәнді шапандар, тағы да басқа құнды заттар бар болып шықты. Сапалы түсірілген фотосуреттер мен жарнамаларды қарап шыны керек, шеберхананы көз алдыма алдын-ала елестетіп алдым. Ой деген тым жүйрік қой, өрнек салып отырған дизайнер, қалыпқа келтіріп отырған шебер, сауыт жинап отырған жігіттер, қазақы көйлекті тігіп отырған тігінші қыздар... Бірақ бәрі біз күткендей болмады.
Біз барған ұлттық өнер орталығы аты дардай болғанымен шағын шеберхана болып көрінді. Десек те, аядай ғана бөлмеден таудай дүние шығатынына көзім жетті. Негізінен бас шебер – отағасы Бауыржан Тілеубаев. Суретші мамандығы бойынша білім алып, 1989 жылы шағын цехпен қатар жарнама агенттігін ашып, кәсіппен айналысқан. Айтпақшы, жоғарыда айтып өткен Арбаттағы саудада тұрған Бауыржан ағай мен оның жары еді. Бірақ менің кейіпкерім бұл кісілер емес, оның қызы, он саусағынан өнер тамған Ғазиза-Таңшолпан. Бір үйдің жалғыз қызы болса да еңбектен қашпай, әке жолын жалғап жүрген небәрі 23 жастағы азаматша мені таңғалдырды.
–Бұл өнерге мені баулыған, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті арттырған – әке-шешем. Екеуінің де мамандығы суретші болғандықтан, кәсіби қөзқарастары біздің жұмысымыздың жандануына септігін тигізді. Бастапқыда жарнама агенттігі болып ашылғанымен, біздің арманымыз шеберхана ғана еді. Кейіннен отбасымыздың бірлігі, еңбегінің арқасында оған да жеттік. Сүйікті іспен айналысқанға не жетсін. Әкемнің тарих бойынша білімі де терең. Біз үшін ол – ашық энциклопедия. Былайша айтқанда, мен бірнеше өнерді тегін, осы кісілерден үйреніп алдым. Ең алғашқы жұмысым бастауыш сыныпты аяқтап жатқанда жасаған едім. «Сақ жауынгері» деп аталады. Паралель жасалатын дүние болғандықтан әкеме қарап түзететін жерін түзетіп, қосатын жерін қосып жасап отырдым. Оған дейін тек суретін салып жүретінмін, - дейді Ғазиза. «Өрнек» атауын 1990 жылдары қазақ тілі қоғамының төрағасы берсе, шеберхананың логотипін белгілі суретші Ералы Оспанов жасаған екен.
Бірде телеарнада көрсетілген «Қазақ хандығы» сериалынан Қызданай рөліндегі Ғазизаны байқадым. Интернеттегі мәліметтерді ақтарып қарағанымда, «Сүйе білсең», «Ән аға», «Менің 47 балам» және бірнеше жарнамалық рөлдерде ойнаған. Іштей бұл қыз Өнер колледжінде білім алған шығар деп едім, алайда ол осы Шымкент қаласындағы техникалық колледждердің бірінде бақылау - өлшеу аспаптары және и автоматика мамандығын алып шығыпты. Тұнып тұрған өнерімен, әртістік шеберлігі де жарқырап тұрған ару неліктен мұндай техникалық мамандыққа мойын бұрды екен?
– Мен үшін диплом және оның соңынан жүгіру маңызды емес еді. Маған тәжірибелік жұмыс керек. Бұл мамандықты оқыған себебім, біздің құйма жұмысында қыздырылатын пештер бар болу керек. Соларды жасап шығару үшін осы мамандықты оқыдым. Ал оқуды бітірген соң өзіме қажетті пештерді жасап, бірнеше милииондаған ақшаны үнемдедім. Маған киноға түсіп, актриса болған қызық емес. Ол нәрсені көрдім, қызығы кетті. Маған күнделікті түрлі идеямен, асқан махаббатпен келетін өзімнің зергерлік дүниелерім жақын , - дейді Ғазиза.
Біздің бұл шеберханаға барудағы мақсат – қызу тіршіліктің куәсі болу, әшекей-бұйымдардың элементтеріне құйма құю болатын. Өкінішке орай, дәл сол қыздырылған пештерді, қалыпқа келтірілген бұйымдарды тамашалауға мүмкіндік болмады. Өйткені, кіші және үлкен пештері Алматы қаласында екен. Шымкентте болса да құйма орталықтың кілті бізге бұйырмас еді-ау. Себебі, Ғазиза Бауыржанқызы бұл да әрбір зергердің бір құпиясы екенін алға тартты. Айтпақшы, құйма жұмыстары тек Ғазиза мен Бақытжан ағайдың қолынан өтеді. Ал тазалау жұмыстары мамандардың назарында.
Қысқасы, шеберхананы бар дүниесімен таныстырып өтейін. Біздің көзімізге көрінгені аядай екі бөлме. Кіреберіс тұсында бөліктерге бөлініп арнайы құлыпты шкафтарда орналасқан шеберханадан шыққан туындылар. Әр сөренің жоғарғы қабатында бас киімдер топтамасы орналасқан. Сәукеледен бастап бөкебай, қарқара, бергек, қасаба, тақия, қыздар кепеші, жырға түрлі өрнектермен безендірілген. Бас киімдерде, әсіресе, өсімдік реңі типтес өрнектер жиі қолданылған. Ал көйлектер мен кәжекейлерге сұраныс жоғары екен. Осы тұста орталық иесі Ғазиза қазіргі таңда қыз ұзату, беташарларға өтімді болып жатқан кәжекейлердің ою-өрнегі түсініксіз, ұлттық нақыштан сәнге қарай бұрмаланып жатқанын тілге тиек етті.
–Қазіргі таңда кәжекейлердің, ұлттық киімдердің дамып, қолданысқа еніп жатқаны көңіл қуантарлық. Бірақ киімдердің де өзіндік қазақи болмысы болады ғой. Батыстың ықпалымен жасалып жатқан киім үлгілері аса ұнамайды. Әрине, дүкендерде, базарларда қаптап жатқан кәжекейлердің түрі менде бар. Бірақ мен оны ары қарай көбейтуге батылым бармады. Әрине түрлі тастармен безендірілген оның да бір әдемілігі бар шығар. Бірақ безендірілген ою-өрнектер мен үшін түсініксіз., Оны кім шығарғанын да білмеймін, - дейді ол. Шеберханада көзге түскен барлық бас киімнің авторы – Ғазиза және оның анасы Светлана Зайытова. Себебі, құнды бас киімдерді пішіп, тігу кез келген қолына ине ұстаған тігіншінің қолынан келе бермейді. Ал этностильдегі киімдерді тігетін тігінші қыздар бар екен. Айта кеткен жөн шығар, матаны таңдау, сатып алу, киімдерді үйлестіріп, эскизін дайындау, дизайнмен жұмыс барлығы да бесаспап ару Ғазизаның мойнында.
–Киімге мата табу өте қиын. Өтімді тауарлардың көш басын той көйлектері, жылтырақтар бастап тұр. Мен мата түрлерін сырт жақтан көбірек алатынмын. Нақтырағы Өзбекстаннан. Себебі, қолдан тоқу өнері жақсы сақталған. Ал Қазақстанда ондай кісілерді білмейді екем, бар болса бірге жұмыс істеуге қанекей! Қазір шекаралардағы шектеулер мата жағынан қиындық тудырып жатыр. Сәндегі түстерге қарай жүгірмеймін. Біздікі тек қана табиғи түстер. Далаға шығып қараңызшы, кең байтақ елде тұрамыз, көркіне көз тоймайтын табиғатымыз бар. Қазақ халқының талғамы осы себептен жоғары. Киімдердегі үйлесімділікті, түстерді сеземіз, түсінеміз, - дейді Ғазиза Бауыржанқызы.
Шеберханадағы сөрелердің ішінен көзге түскені тарихымыздан сыр шертетін – «Күн басты Құдай», «Арбадағы Арий», ру-таңбалар бейнеленген алқалар, қылыш, пышақ түрлері еді. Дүкенде ежелгі дәуірдегі қару-жарақтың 20-ға жуық түрі қойылған. Бұлар Бауыржан Некенұлының жұмысы. Сонымен қатар, әкесі мен қызы бірігіп, Арқайым қаласы макетінің 4/1 бөлігін дайындап та қойыпты.
Бұл бөлмеден келесі бөлмеге кіреберіс тұста сары тақтайшада қара жазумен «Қазақтар, баран болмай қазақша сөйлеңдер» деген жазуды көзім шалды. Бұл жазудың авторы – Бауыржан Тілеубаев. Ол өзге ұлттың емес, өзіміздің қазақ бауырларымыздың өзге тілде зат сұрап келгеніне күйініп, үлкен етіп іліп қойған екен.
Келесі бөлме нағыз шығармашылық мекені. Бөлменің іші қараңғы әрі тар, екі шам жарығы әкесі мен қызына жеткілікті-ақ екен. Осы бір бөлменің ішінде Ғазиза этностильдегі маталарды талғап, олардың үйлесімділігімен де айналысады. «Өрнектің» өнер туындыларының эскизін дайындайды. Компьютердегі «Корол» бағдарламасында суреттерді өңдейді. Мәселен, бір жарғақ шалбарды сызуға, компьютерге түсіруге бір апта кетсе, тігінші қыздар тағы бір аптада дайындап береді. Егер де тапсырыс берсеңіз, 15 күннің ішінде өзіңіз қалаған шалбарға қол жеткізе аласыз.
Мен елестеткен тігінші қыздар мүлдем басқа ательеде, сауыт жасайтын азамат қала сыртында, құйма қалыптар Алматыда болып шықты. Өздеріңіз байқағандай, бір туынды әр жерде жасалып жатыр. Олардың басы осы шеберханада бірігіп, сатылымға шығарылады. Сондықтан да зергердің арманы Шымкент қаласынан көлемі үлкен, кең шеберхана соғып, шеберлерді біріктіру. Оның жері де, жобасы да дайын көрінеді. Айтпақшы, алдағы уақытта дүкендерді көбейтіп, Алматы қаласынан да ашу жоспарда бар. Біздің батыста қазақи нақыштағы бұйымдар мен этностильдегі киімдер келіндер үшін үнемі сәнде екенін байқап жатамыз. Сондықтан Ғазиза-Таңшолпан тағы бір дүкенді Батыс Қазақстаннан ашуды деп көздеп отыр.
ХХІ ғасыр әртүрлі стильдердің тоғысы десек те болады. Бұрын 80 жылдардың, 90 жылдардың өзіндік стилі болушы еді. Қазір кім қалай киінсе де сәнде саналады. «Адам көркі шүберек» дегендей, оның үстіне біз енді шетелдіктерге, батысқа еліктеп, түрлі киімдерді үстімізге іліп алып жүре береміз. «Ұят», «сәнде емес» деген тіркестер бүгінде жиі қолданылмайды. Осы уақытта біздің қазақи ұлттық нақышымызды дәріптейтін, көне тарихымыздан сыр шертетін дүниелерге сұраныстың, қызығушылықтың бары көңілге жылу сыйлайды.
Мария СӘУЛЕБЕК