Жас ғалымдарымыз тегін жоғары білім алуы тиіс. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова білдірді, деп хабарлайды Rg media сайты
«Өте көп жастарымыз жоғары білім алу үшін шетелге кетіп жатыр. Жоғары білім алғаннан кейін олардың көпшілігі сол жақта қалып қоятындығын да білеміз. Ал бұл мемлекетіміз үшін үлкен шығын екені түсінікті. Ал ғылыми қызметкерлерді дайындайтын жоғары оқу орындарымыз қандай? Ғылыми қызметкер болғысы келгендер жақсы білім ала алмай жатады. Біздегі көптеген жоғары оқу орындарында білім алу, әсіресе гуманитарлық салада ақылы. Сондықтан да ғалым болғысы келетін жастарымыз өзге елдерге тегін білім алу үшін кетіп қалады», - деді Мәжіліс депутаты «Ақылды жастардың шетелге кетуі. Себептері және оған қалай қарсы тұруға болады?» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында.
Осы ретте ол бүгінде жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналған еліміздің Ғылым академиясын мемлекеттік мекемеге айналдыру керек деп санайды.
«Бұл – бірінші. Екінші – біздің жас ғалымдарымыз Германия, Франциядағыдай тегін жоғары білім алуы тиіс. Бүгінде Ресейде де көптеген жоғары оқу орны тегін жоғары білім береді. Барлығы бірдей жоғары оқу орнын бітіре алмайтындығы белгілі. Бірақ, ол жерге баруға барлығының да мүмкіндігі болу қажет», - деді Ирина Смирнова.
Айта кетерлігі, осы дөңгелек үстел барысында Қазақстанның коммунистік халық партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының екінші хатшысы Ділдә Майданбекова жастар трендін зерттеу аясындағы сауалнама нәтижесін жариялап, 15 пен 29 жас аралығындағы қазақстандықтардың шамамен 42 пайызы шетелге оқуға немесе тұрақты тұруға кетуді жоспарлап жүргенін айтқан еді.