"Заң" медиа-корпорациясы детектив жанрындағы шығармалар байқауын жариялады. Бұл туралы "Заң" газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева Facebook парақшасында жазды деп хабарлайды Rgmedia.kz тілшісі.
Бас редактор биылғы байқау ерекше болатынын атап өтті. Байқауға қатысушылар түркістандық судьялар қараған істерді шығармасына арқау етсе жеңіске жетуге басымдық берілетінін мәлімдеді.
"Заң" медиа-корпорациясы детектив шығармалар байқауын 2018 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Бұл бір мың ойланып, жүз толғанған жоба болды. Бірнеше жылдан бері қолға алсақ деген бастамамызды ақыры сары майша сақтап, газетіміздің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастыруды жөн деп тапқанбыз.
Бүгінде байқауды Кемел Тоқаевтың атымен атауымыздан саяси астар іздейтіндер бар. Шын мәнінде біз жобаны қолға алғанда Қасым-Жомарт Кемелұлы президент болады деген сыбыс та жоқ еді. Мақсатымыз жоғары жаққа жағыну емес, Кемел Тоқаевтан кейін кенжелеп қалған жанрдың бағын ашу, қызығушылықты аттыру болды
Алғашқы қадамды жасау қашанда қиын. Шыны керек, қолымызда қаржы болғанмен, осы жобамыз көпшіліктен қолдау таба ма деп көп уайымдадық. Алайда бірінші жарнамасын жасағаннан-ақ хабарласушылар көп болды. Айналдырған үш айда қоржынымызға 72 шығарманың түсуі біздің бағытымыздың дұрыстығын дәлелдеді. Кейіннен жобамызды құптап, Алматы қалалық сотының сол кездегі төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов марапаттау рәсімін сот ғимаратында өткізуге келісті. Көреген басшы қалалық соттағы атышулы істердің үкімі негізінде шығарма жазылса деген тілегін де айтты. Бұл расында көркем шығарма көмегімен судьялар еңбегін көрсетуге, қалалық соттың жұмысын насихаттауға жақсы мүмкіндік еді. Қалалық сот судьялары қараған істі негізге алып шығарма жазған бірнеше үміткерді төраға арнайы марапаттады да. Екі жыл қатарынан қолдау жасаған сот ұжымына айтар алғысымыз шексіз!
Үшінші мәрте ұйымдастырылған байқауға кәсіпкер ағамыз Бағдат Мәнізоров толықтай демеушілік етті. Талай жазушы, журналистке шабыт беріп, жаңа туындылардың дүниеге келуіне ықпал еткен ағамыздың мәрттігіне бас иеміз.
Ал биылғы байқау дәл тәуелсіздіктің 30 жылдығына тура келіп отыр. Сондықтан доданы ерекше атап өткіміз, өзгеше ұйымдастырғымыз келді. Журналистер қауымының қиялында шек болған ба? Бірі жүлдегерлерді астанада марапаттайық десе, енді бірінің таңдауы қасиетті Түркістанға түсті. Рухани астанамызда көпшіліктің басын қосып, жүлдегерлерге марапатын ұсынсақ қандай ғанибет дедік бәріміз. Бірақ, бізге кім төрін ұсына қойыпты? Жүйрік ойдың жетегімен бір газельге мінгесіп Түркістанға тартып бара жатқан әріптестерімнің көңілін де суытқым келмеді. Сөйтіп Түркістан облыстық сотының төрағасы Тұрысбек Ерболғанұлына қолқа салған едік. Байқаудың асай-мүсейі дайын, тек осы қасиетті жерде, облыстық соттың жаңа ғимаратында марапаттау рәсімін өткізсек деген ұсынысымызды Тұрысбек ағамыз да қуана қабылдады. Бұған қоса, төраға детективші ағайын түркістандық судьялар қараған істерді шығармасына өзек етсе деген тілегін де айтып қалды. Қош көрдік. Байқауға қатысқысы келетін әріптестер төрағаның бұл өтінішін ескерсе дейміз!
Ал енді кешелі бері байқау шартын сұрап жатқан достарға айтарым:
Шығарма 10 беттен ( А4 форматы, 14 кегл, 1 интервалмен) аспауы керек;
Үміткерлердің жасына шек қойылмайды;
Шығарма бұған дейін еш жерде жарияланбауы керек;
Шығарманың басқа байқауларға жолданбауы маңызды;
Биыл деректі детектив жанрын дамытқымыз келіп отырғандықтан Түркістан облыстық сотына хабарласып, өңір судьялары қараған істерді шытырман шығармаларыңызға өзек етсеңіздер құба-құп;
Шығармалар қазақ және орыс тілдерінде қабылданады;
«Байқауға!» деген белгімен еңбегіңізді Zangazet@mail.ru немесе ainursem@mail.ru почталарына жолдасаңыздар болады. Онда автордың мекен-жайы мен ұялы телефон номері, эл. Почтасы толық жазылуы керек.
Талапқа сай келетін шығармалар газет бетінде жарық көретіндіктен түзеліп, редакцияланатынын ескертеміз.
Шарт дегенде бары осы! Ал енді іске сәт! - деп жазды "Заң" газетінің бас редакторы.