Заңгер мамандығының иесі атану үшін көп іздену керек. Себебі, заңсыздыққа жол бермеу, біреудің өміріне араша түсу, ақ пен қараны айыру жоғары білім мен біліктілікті талап етеді. Сондықтан болар, екінің бірінің қолынан заңгер болу келе бермейді.
Ал, қоғамда өзін-өзі дәлелдеген заңгерлер бар. Түрлі салада абыройлы қызмет атқарып жүрген олар қоғамның құқықтық дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Түркістан облыстық Полиция департаментінің заң бөлімінде жетекші маман қызметін атқаратын Дияс Раимбеков жас болса да, тәжірибесі мол маман. Бүгінде құқықтық саладағы қызметі жас маманда жігерлендіріп, жоғары жетістіктерге жетелей бастады.
Дияс Ғаниұлы Шымкент қаласында дүниеге келген. Жергілікті жердегі №23 лицей - мектепте білім алған соң, Астанадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде «Заңгер» мамандығын меңгерді. Кейін Отан алдындағы борышын өтеп келді. Еңбек жолын жеке компанияларда заңгер, менеджер болып бастады. Біліктілігін арттырып, тәжірибе жинақтады. Ал ішкі істер саласында 2017 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Ол кезде облысымыз Оңтүстік Қазақстан болып аталатын. Облыстық полиция департаментіне жетекші маман болып қызметке орналастым. Содан, 2018 жылы облыс орталығы Түркістанға ауысқанда, ұжыммен бірге тарихи қалаға қоныс аудардық. Ұжымымыз өте ұйымшыл. Мұнда білікті де білімді мамандар көп. Қазір үлкен ағалардан тәлім алып, тәжірибемді жетілдіріп жатырмын – дейді ол.
Түркістан облыстық полиция департаментіндегі Заң бөлімінің қызметкерлері тәжірибесі мол, көп жылдар бойы тергеу саласында жұмыс істеген, заң талаптарын жетік меңгерген қызметкерлерден жасақталған.
Бүгінде бөлімге полковник Түймебек Мұсабеков басшылық жасайды. Ал, мамандар Талғат Даутбеков, Шарипа Бахтиярова, Алтынай Асылбекова өз ісінің білгерлері. Қазіргі кезде шағын ғана ұжым үлкен істерді атқарып келеді.
Түркістан облысы полиция департементін, оның құрылымдық бөлімшелерін құқықтық жағынан қамтамасыз етіп, құқықтық актілерді дайындауға қатысамыз, заңдылықты насихаттау және қылмыстың алдын алу жөнінде шаралар көріп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының ішкі істер туралы» Заңының талаптарына сай заң бөлімі ішкі істер органдарының құқықтық мүддесін сотта және басқа да мемлекеттік органдарда қорғауды қамтамасыз етеміз. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын насихаттау мен түсіндіруін ұйымдастыруды қамтамасыз етеміз - дейді заңгер.
Диястың жұбайы Самал Шымкент қаласындағы полиция департаментінде қызмет етеді. Қазір бала күтіміне байланысты, демалыста. Ал, үлкен ұлы Дінмұхаммед үш жаста болса, кішісі Даниал 6 айлық. Қос құлыншақ әкелерінің жұмыстан келгенін асыға күтіп отырады.
Жас маман көп ізденеді. Бас уақытында кітап оқып, семинарларға қатысады. Басты мақсаты – өз ісінің үздігі атанып, халқыққа қызмет ету.
Бүгінде заңгерлердің қызметі үлкен сұранысқа ие. Сондықтан мектеп бітіруші түлектер арасында да аталған мамандықты таңдап, заңгер болуды армандайтындар көп. Ал, нағыз Заңгер болу үшін көп еңбектену керектігін айдан анық – дейді ол.
Дияс Раимбеков көптеген алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталған. Департамент бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтің қолынан алған марапаттары кеңседегі кабинетте ілулі тұр. Әрине, бұл жас маманды жігерлендіріп, жұмысқа деген ынтасын арттырып отыратыны анық.