Шаһарда кондоминиум нысаны – көпқабатты тұрғын үйлерді мүлік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестіктерге біріктіру жұмыстары әкімдік тарапынан қарқынды жүргізілуде. Көпқабатты үйлерді сапалы күтіп-ұстау, ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуде қаржылық бақылауды күшейту мақсатында тұрғын үй саласында қолға алынған бұл реформадан халықтың күтері көп.
Осы ретте төрт ауданда бұл бойынша атқарылған жұмыстар жетерлік.
Айталық, Абай ауданында 453 көпқабатты тұрғын үй болса, соның 374-і кондоминиум нысаны ретінде Әділет басқармасында тіркелген. Осыған байланысты аудан әкімдігі тарапынан тұрғындарға түсіндіру жұмысының медиа жоспары бекітілді. Қазіргі таңда 290 рет жиналыс ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде, 192 көпқабатты тұрғын үйдің келісім хаттамасы жасалды. Бұл тұрғын үй көлеміне шаққанда жалпы үлестің 42,7 пайызын құрап отыр. Оның ішінде, 140 көпқабатты тұрғын үй жай серіктестік ретінде, ал 52-сі мүлік иелерінің бірлестігі есебінде құрылып, барлығы да қалалық әділет департаментінде тіркелді.
Бұдан бөлек өткен аптада аудан аумағында 21 жиналыс өткізіліп, жаңадан 6 мүлік иелерінің бірлесті пайда болды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Жалпы тұрғын үй саласына қатысты бұл реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы шеңберінде жүзеге асуда. Осы тұрғыдан келгенде мүлік иелері бірлестіктері институтын немесе жай серіктестік құруға байланысты бастамалар Еңбекші ауданында да жалғасуда. Мәселен 2020 жылдың қараша айынан бері аудан аумағындағы көппәтерлі тұрғын үйлер – кондоминиум нысандарының басқару жүйесін таңдау бойынша жол картасы әзірленіп, соған сай үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта аудандағы 630 көпқабатты тұрғын үйдің алтауынан мүліктің меншік иелері бірлестігі, 174-нен жай серіктестік түріндегі келісім хаттамалары жинақталса, 27 көпқабатты тұрғын үй бойынша бас тарту хаттамалары толтырылды. Сонымен қатар, 318 көпқабатты үй тұрғындарына жаңа реформаның тиімді тұстары егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Ал Еңбекші ауданы әкімі аппаратының мамандары 17 көпқабатты тұрғын үй иелерімен кездесу ұйымдастырып, жаңа бірлестіктерге көшуге қол жинау үшін тұрғындарға хаттамалар берілген. Сонымен бірге аудан аумағындағы Нұрсәт тұрғын алабына қарасты көпқабатты үй тұрғындарымен де осы мәселе төңірегінде жиналыс өткізілді. Мәжіліс барысында аудан басшысы пәтер иелеріне МИБ пен ЖС-ні құрудағы артықшылықтар мен маңыздылығы туралы жан-жақты баяндады.
Айта кету керек, бір іргетаста орналасқан не үйге ортақ бірыңғай инженерлік жүйелері бар көппәтерлі тұрғын үйлердегі пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері әрбір көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің жалпы санының үштен екісінен астамының келісімі бойынша МИБ немесе ЖС құруға құқылы.
Сонымен бірге, Қаратау ауданында өткізілген жиналыстар барысында үй тұрғындары тарапынан аталған мәселеге байланысты түрлі сауалдар қойылып, олардың шешу жолдары сол басқосулар барысында талқыланды.
Қазіргі таңда, Қаратау ауданында 9 меншік иелерінің бірлестігі және 183 жай серіктестік құрылған.
Бүгінгі таңда Әл-Фараби ауданында көпқабатты үйлерді басқарудың жаңа нысанына көшу бойынша тұрғындармен 361 жиналыс ұйымдастырылды. 51 көпқабатты үйде МИБ, 130-ында ЖС құрылды.