Шымкентте қысқаметражды фильмдер фестивалінің үздіктері анықталды

Бүгін үшінші мегаполисте SHYMKENT NOMAD FILM FEST  қысқаметражды фильмдер фестивалінің жеңімпаздары анықталды. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен фестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімі салтанатты түрде ұйымдастырылды.  Салтанатты жиынға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жүлделі орыннан көрінген талантты жастарды құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.  

image.png

– Байқаудың мақсаты – қаламыздағы киноиндустрия саласына үлкен мән беріп, жас таланттарға қолдау жасау. Сонымен қатар фестивальге қатысушы дарынды жастардың шығармашылығына қолдау көрсету арқылы мүмкіндік беретін үлкен шығармашылық алаң құру. Жүлделі орын алған 4 фильмді көрермендермен бірге тамашаладық. Жас режиссерлердің аяқ алысы жаман емес. Биыл бұл байқау Шымкентте бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Жастарымыз осындай қарқында еңбектеніп, іздене түссе қаламыздан әлі талай мықты кинорежиссерлер шығатыны сөзсіз. Осындай шағын кинофестивальдер олардың танылып, шыңдала түсуіне жол ашады деп сенеміз, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Аталмыш фестиваль «Самғау» деген атаумен Шымқалада 5 жыл қатарынан өткізілген болатын. Бірақ елдегі эпидахауалдың күрделенуіне байланысты уақытша  тоқтағанымен биыл байқау «Shymkent nomad film fest» қысқаметражды фильмдер фестивалі атауымен қайта бастау алды. 

12 тамыз -10 қыркүйек  аралығында өткен байқауға қатысуға 30 үміткер ниет білдірген. Әділқазылар алқасы соның ішінен 10 кинотуындыны іріктеп алған. Танымал режиссер, «TALAS» film киностудиясының басшысы Серік Таласов, «Сайрам-Өркениет» БПҰ төрағасы Жадыра Таңатарова, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев, танымал актер Марат Достаев, продюсер Бақберген Асанбаев сарапшылар арасынан табылды.

Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, байқау қатысушылары жастығына қарамастан қоғамдағы көкейтесті мәселелерді фильмдеріне арқау ете алған. Олар жас режиссерлердің еңбегінде әрбір бейнесюжеттің тақырыптық идеясының ерекшелігіне және еңбектің жанрлық талаптарға сай болуына айрықша мән бергендерін айтады. 

Жүлделі орындарға тоқталсақ, үздік үштікті Ерсұлтан Тілеуовтың «Таңдау» туындысы қорытындылады. Екінші орын Дмитрий Владимировичтің еншісінде («Успех. Жетістік» фильмі). Ал бірінші орын «Садақа» фильмінің режиссері Болат Қожахметке бұйырды. Бас жүлдеге «Әке» фильмінің режиссері Ердаулет Алибеков ие болды.

Байқау нәтижесі бойынша қатысқаны үшін бірқатар өнерпаздар арнайы алғыс хаттармен марапатталды. «Бірінші пландағы үздік актер» номинациясына  Ерсін Амангелдиев лайық деп танылса, Жанна Налибаева «Бірінші пландағы үздік актриса» атанды. Ал екінші пландағы үздік актер - Дияс Беркінбаев, екінші пландағы үздік актриса - Ақмарал Сулейменова. «Үздік операторлық жұмыс» номинациясы - Ділмұрат Тұрдыматов, үздік монтаждық жұмыс - Тимур Шайдуллин, үздік композициялық жұмыс - Мади Айжанов, үздік сценарист номинациясы бойынша Мұқағали Әбдішәріп марапатталды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер