Парламент Мәжілісінің депутаттары Түркістан облысының бас полицейімен кездесіп, атқарылған жұмыстарды бақылады. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін Түркістан облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов, Серік Ерубаев пен Ильяс Буларов іссапармен келді. Мәжілісмендер киелі мекеннің бірқатар мекемелерін аралап, Түркістан облысы Полиция департаментінің жаңа ғимараты құрылысымен танысты.
Сосын департаментінің қазіргі ғимаратындағы жұмыс істеп тұрған Жедел басқару орталығына келді. Мұнда ішкі істер органдарын цифрландыру, сервистік полиция моделі бойынша Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Яғни сервистік полиция аясында жасалып жатқан жұмыстардың жай-күйі мен стационарлық пунктердің қызметін, қылмыстың азаюы мен болдырмауға байланысты жасалып жатқан жұмыстарды бақылады. Сондай-ақ департаменттің Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камералары туралы да толық мәліметтер берілді.
Мәселен, 2022 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін 102-ге 4000-ға жуық хабарлама тіркелген. Ал бейнебақылау камераларымен 5306 әкімшілік құқық бұзушылық пен 10 қылмыс ізі суымай ашылған. Сервистік полиция аясында іске қосылған «SOS» батырмасына тұрғындардан 250-ге жуық хабарлама түскен.
Іссапармен келген мәжіліс депутаттары қала, аудандардағы мектептерге орнатылған бейнебақылау камераларының жұмысын көрді. Түркістан қаласының да көше қиылыстарында орналасқан камералардың құқықбұзушылықты қалай анықтайтынын, анықталған соң неше уақытта шара қолданылатынын бақылады.
Одан кейін Полиция департаментінің мәжіліс залында басқарма, бөлім басшыларымен кездесті. Ал облыстағы аудандық полиция құрылымдарының басшылары бейнеселекторлық режимде қатысты. Арнайы жиын департамент бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің төрағалығымен өтті. Облыстың бас полицейі Түркістан облысында қылмыс пен құқықбұзушылықты одан әрі де азайту, ашылу көрсеткіштерін жоғарылату бойынша жұмыстар жүйелі атқарыла беретінін жеткізді.
Осы орайда штат санын көбейту, облыста Ұлттық Ұланның бөлімшесін құру, полицияның сервистік моделіндегі жұмыстарды одан әрі де күшейтуге ұсыныстар айтты. Мәжіліс отырыстарында аталған мәселелердің қаралуын және полицейлерге қолдау білдіру қажеттілігін жеткізді.
Сондай-ақ ТО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Абдуғани Тойшыұлы баяндама жасады. Онда Түркістан облысы аумағындағы жедел-жағдай мен қаңтар айында орын алған жаппай тәртіпсіздіктер бойынша атқарылған жүйелі жұмыстармен таныстырды.
Жиын соңында халық қалаулылары өздерінің сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. "Ішкі тыныштықты сақтайтын полиция қызметкерлері, сондықтан сіздерге артылар жүк аз емес. Ендеше әрқашан елге адал қызмет ете беріңіздер. Елдің қорғаны болудан шаршамаңыздар. Қиын қызметтеріңізге сәттілік тілейміз" деген тілектерін жеткізді.