Биыл Қазақ спорты айтулы тұлғасынан айрылды. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының волейболын аяқтан тұрғызып, берісі Қазақстанға, арысы күллі ТМД елдеріне танытқан бапкер Орынбасар Мерқұлұлы 70-тен асқан шағында дүниеден өтті.
Бүгін мақтааралдықтар «Оңтүстік волейболының атасы» атанған даңқты бапкерінің құрметіне ескерткіш тақта орнатты. Тақта өзі талай жыл тер төгіп, жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарған спорт мектебінің қабырғасына орнатылды.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов, Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының өкілі Айтжан Бердашев, спорт ардагері Қалжан Мырзақұлов, марқұмның отбасы, жора-жолдастары, шәкіреттері және жас спортшылар қатысты. Жиын барысында қонақтар Орынбасар Мерқұлұлының өмір жолына, волейболдағы жетістіктеріне, өңір спортының дамуына сіңірген еңбегіне кеңінен тоқталып өтті. Жас спортшыларға спорттық керек-жарақтар таратылып берді. Іс-шарада көпшілік тарапынан бапкердің есімін өзі ұзақ жыл жұмыс істеп, талай саңлақты тәрбиелеген спорт мектебіне беру ұсынылды. Бұл ұсыныс алдағы уақытта өз шешімін табатын болады деген сенімдеміз.
Іс-шарадан соң Орынбасар Мерқұлұлының рухына арналған ас берілді. Жұбайы Мағрипа Мырзаханқызы ол туралы жылы естеліктер айтып, көпшілікпен бөлісті. Аста марқұмның рухына тағзым жасалды.
Еске сала кетейік, Орынбасар Мерқұлұлы 1951 жылы Мақтаарал ауданы Ильич (қазіргі Атакент) ауылында дүниеге келген. Ол Мақтаарал ауданының волейболын тынымсыз еңбегінің арқасында жаңа белеске шығарды. Оның жетелеуімен ауданнан қазақ елін тамсандырған талай талантты волейболшы қыздар шықты. Үздік ойыншылары ұлттық құрама командасының сапында халықаралық дүбірлі додаларда Қазақстанның намысын қорғап, жасындай жарқылдады. Бапкер адал еңбегінің, елге, туған жерге деген перзенттік борышын мүлтіксіз орындауының арқасында Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанған.